2023 жылдың 12 маусымында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің кезекті бетпе-бет отырысы өтті.
Келесі шешімдер қабылданды:
1. Қамқоршылық кеңес төрағасының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, Қор Жарғысының 5.6-тармағына сәйкес Сүлейменов Қайырбек Шошанұлы ашық дауыс беру нәтижесінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып бір ауыздан қайта сайланды.
Сондай-ақ, өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, Қор Жарғысының 5.6-тармағына сәйкес Аманжолова Зәуреш Жұманәліқызы Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары болып қайта сайланды.
2. Абай облысындағы төтенше жағдай (орман өрті) кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқандардың отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылданды:
– қаза тапқандардың отбасыларына – 7 000 000 (жеті миллион) теңгеден (салықты есепке алғанда);
- қаза тапқандардың отбасыларындағы әрбір кәмелетке толмаған балаға (2023 жылғы 11 маусымдағы жағдай бойынша 18 жастан аспаған) - 2 000 000 (екі миллион) теңгеден (салықты есепке алғанда).
Сондай-ақ Абай облысындағы төтенше жағдай (орман өрті) кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқандардың балаларына білім беру гранттары мен стипендияларды тағайындау мақсатында «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.
3. Ақтөбе облысының шағын жинақты мектептеріне цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыруға бағытталған «QH Цифрлық технологияларды пайдалана отырып Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы бекітілді. Бұл пилоттық жоба болған соң, сәтті іске асырылған жағдайда, жобаны кең ауқымда тарату туралы шешім қабылданады.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылы Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін мектептердің саны 7 550 құрады, оның ішінде ауылдық жерлерде 5 262 мектеп. Оның 2800-ге жуығы –шағын жинақты мектеп.
Ақтөбе облысы бойынша барлығы 404 жалпы білім беретін мектеп бар. Облыс мектептерінің негізгі бөлігі – 281 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан, оның ішінде 204-і - шағын жинақты мектеп.
Жобаның міндеттері:
- жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету арқылы 134 шағын жинақты мектепте онлайн/офлайн оқытуды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасау;
- Ақтөбе облысының 134 шағын жинақты мектебін жарақтандыру;
- шағын жинақты мектептер оқушыларын, педагогтарын, әкімшілігін оқыту платформалары, цифрлық білім беру ресурстары сияқты цифрлық оқу материалдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- шағын жинақты мектептерді дамытуда тірек мектептердің мүмкіндіктерін пайдалану. Тірек мектептер мен шағын жинақты мектептердің өзара іс-қимыл тетігін әзірлеу;
- бірлескен сыныптарда жұмыс істейтін педагогтардың әдістемесі мен ғылыми-әдістемелік қолдауын әзірлеу;
- оқу процесінде цифрлық шешімдерді пайдалану бойынша педагогтардың дағдылары мен құзыреттерін арттыру;
- нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру және басқа өңірлерде жобаны кең ауқымда тарату бойынша ұсынымдар әзірлеу.
Жобаның болжамды шығыстарының жалпы сметасы 4 063 255 771 теңгені құрайды. Қор 134 шағын жинақты мектепті жарақтандыру бөлігінде 2 064 199 025 теңгені бағыттайды. Жоба аясында 21 шағын жинақты мектепте 1 онлайн оқыту мен робототехника бойынша сабақтар өткізуге арналған (цифрлық кабинет) кабинет және биология, химия, физика пәндерін оқытуға арналған 1 кабинет (ғылым кабинеті) жабдықталады.
113 мектепте онлайн оқытуды ұйымдастыруға, робототехника және биология, химия, физика пәндері бойынша сабақтарды жүргізуге арналған жабдығы бар 1 біріктірілген (әмбебап) кабинет жабдықталады.
Серіктестер оқу іс-шараларына, әдістемелік сүйемелдеуге, білім беру платформаларымен қамтамасыз етуге және әкімшілік шығыстарға жалпы сомасы 1 999 056 746 теңге бағыттайды.
Қордың серіктестері: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры, Ақтөбе облысының әкімдігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, «Талдау –Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы, «Bilim Media Group» ЖШС, «Bugin Holding» ЖШС, «Aman Sultan» ЖШС, «Roqed» ЖШС.
4. Жеке тұлғалардың өтінімдері бойынша қайырымдылық көмек көрсету және Қордың 2022-2023 жылдардағы бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша Ішкі аудит қызметінің аудиторлық есебі назарға алынды.