5 маусымда Петропавлда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және онкологиялық қызметті дамыту шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының "Көпсалалы облыстық аурухана" ШЖҚ КМК-да жаңа медициналық қондырғылардың салтанатты іске қосылуы өтті. "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қолдауымен Halcyon желілік электронды үдеткіші және SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы пайдалануға берілді.
Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтың, "Қазақстан халқына" ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шынқысбаеваның, "Қазақстан халқына" ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары София Айсағалиеваның, сондай-ақ орталық дәрігерлері мен өңір жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен өтті.
"Қазақстан халқына" қорымен 2,66 млрд теңге сомасына жабдықтың сатып алынуы қаржыландырылды.
"Осы озық жабдықты пайдалануға беру - еліміздің солтүстігінде онкологиялық қызметті нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Біздің мақсатымыз - әр қазақстандыққа тұрғылықты жеріне қарамастан, уақытылы, сапалы және заманауи онкологиялық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл құрылғыларды пайдалану диагностика мен емдеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, әсіресе толық қалпына келтіру мүмкіндігі жоғары болған кезде, қатерлі ісік ауруын ертерек анықтауға көмектесетініне сенімдімін. Бүгінгі таңда қордың қолдауының арқасында мұндай жабдық Қазақстанның бес өңіріне жеткізілді", — деді "Қазақстан халқына" ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шынқысбаева.
Медицинаның дамуының арқасында, сау тіндерге аз әсерін тигізетін онкологиялық ауруларды дәл диагностикалау және тиімді емдеу мүмкіндігі пайда болды. Мысалы, SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы сәулелік терапияны дәл жоспарлау үшін ісіктерді толығымен бейнелеуге мүмкіндік береді; кескіннің жоғары сапасын сақтай отырып, сәулелену мөлшерін азайтады және ағзаның табиғи физиологиялық процестерін (тыныс алу, жүрек соғуы) ескере отырып, емдеу процедурасын жүргізуге мүмкіндік береді; сәтті емдеу мүмкіндігін арттыра отырып, сәулелік терапияның ең күрделі әдістерін жоспарлау процесін жеделдетеді.
"Halcyon" желілік үдеткіші онкологиялық ауруларды дәл және тиімді емдеуге арналған. Ол сау тіндерге әсерін азайту арқылы жоғары сәулелену жылдамдығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ пациенттер үшін барынша жайлылықпен процедураларды жүргізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алды бағдарламасында еліміздің барлық азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында онкологиялық қызметті дамытуды қоса алғанда, денсаулық сақтауды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстан халқына" қорының жобасын іске асыру осы басымдықтарға сәйкес келеді және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ықпалын тигізеді. Биыл 4 өңір озық жабдықтармен қамтамасыз етіледі, 2026 жылы жоба тағы 5 өңірге кеңейтіледі, бұл еліміздің онкологиялық қызметінің дамуына елеулі үлесін қосады.