«AMAN SAYA» модельдік балаларға кешенді көмек көрсету орталығының тұжырымдамасы Қордың жинақталған практикалық тәжірибесі негізінде әзірленіп, ауыр, емделмейтін және орфандық аурулары бар балаларға, сондай-ақ олардың отбасыларына көрсетілетін көмектің тұрақты әрі қолжетімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Орталық моделінің негізін мультидисциплинарлық командалық тәсіл және көрсетілетін көмектің кешенділігі құрайды. Бірыңғай жүйе шеңберінде балаларға медициналық көмек пен мейіргерлік күтім, психологиялық және әлеуметтік қолдау, оңалту және абилитация, әлеуметтену мен бейімделуге бағытталған көмек көрсету көзделеді. Кешенді тәсіл баланың және оның отбасының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әртүрлі бейіндегі мамандардың үйлестірілген жұмысын қамтамасыз етеді.
Тұжырымдама шеңберінде облыстық балалар ауруханасының немесе республикалық маңызы бар қаладағы балалар ауруханасының құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейтін балалар паллиативтік орталығының эскиздік моделі қарастырылған. Орталық 6 айдан 18 жасқа дейінгі, емделмейтін аурулары немесе өмір сүру ұзақтығын қысқартатын жағдайлары бар, денсаулық жағдайының ауырлығы мен аурудың болжамын ескере отырып, симптоматикалық терапияға, психологиялық және әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ ұзақ мерзімді күтімге мұқтаж балаларға кешенді көмек көрсетуге арналған.
Тұжырымдаманы іске асыру әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік жауапты бизнестің және корпоративтік сектордың әріптестік өзара іс-қимылын көздейді. Құрылыс объектілерінің тапсырыс берушілері ретінде жергілікті атқарушы органдар айқындалып, кейіннен салынған инфрақұрылымды облыстардың немесе республикалық маңызы бар қалалардың балалар ауруханаларына беру жоспарланады. Бұл өңірлердің балаларға кешенді көмек көрсету жүйесін қалыптастыруға және одан әрі дамытуға тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
«AMAN SAYA» тұжырымдамасы модельдік сипатқа ие және өңірлердің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып бейімдеуге және кезең-кезеңімен масштабтауға арналған. Тұжырымдаманы іске асыру балаларға кешенді көмек көрсету жүйесін дамытуға, көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен сабақтастығын арттыруға, сондай-ақ ауыр науқас балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін әлеуметтік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
«Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» тұжырымдамасы
«Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» бастамасы Қазақстанның шағын және моноқалаларындағы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, қала құраушы кәсіпорындардың және өңірлік бизнестің ресурстары біріктіріледі.
Тұжырымдама өңірлерді дамытудың тірек нүктелері болып табылатын шағын қалалардың ерекше рөліне негізделген. Олар халықтың білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік инфрақұрылым, мәдениет және спорт қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Шағын қалаларды дамыту олардың тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, айналасындағы ауылдық аумақтардың дамуына да қосымша мүмкіндік береді.
Тұжырымдаманың негізінде Қордың қолданыстағы қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын нақты қаланың қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік беретін модульдік тәсіл жатыр. Жобаларды іске асыруға жергілікті бизнес тартылады. Мұндай тетік ресурстарды ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттап, жергілікті қоғамдастықтар үшін барынша тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Тұжырымдама төрт негізгі бағытты қамтиды: медициналық қызметтердің сапасын арттыру, білім беру мен жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, сондай-ақ мәдениет пен спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту.
Тұжырымдаманы іске асыру Қордың, бизнестің және жергілікті атқарушы органдардың серіктестігіне негізделеді. Бұл шағын қалалардың әлеуметтік саласын орнықты дамыту үшін қаржылық, ұйымдастырушылық және сараптамалық ресурстарды біріктіруге мүмкіндік береді.
Тұжырымдаманың негізінде сапалы білім алуға қолжетімділігі аумақтық және әлеуметтік факторлармен жиі шектелетін ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардағы жастарды қолдау қағидаты жатыр. Гранттарды ұсыну білім берудегі теңсіздікті төмендетуге, жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және ел өңірлерінің адами капиталын дамытуға бағытталған.
Гранттық қолдау білім беру бағдарламасын игерудің бүкіл кезеңіне оқу ақысын төлеуді және ай сайынғы шәкіртақы беруді қамтиды.
Тұжырымдама Қордың білім беру гранттарын ұсынудың бірыңғай қағидаттары бекітілген.Стратегиялық басқару ұстанымдары өзгеріссіз қалды, ал іске асырудың жыл сайынғы көрсеткіштері өзекті әлеуметтік қажеттіліктер мен қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып, Қордың басқару органдарының шешімдерімен айқындалады.