«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңестің құрамында орын алған өзгерістер туралы хабарлайды.
2025 жылғы 2 маусымда өткен Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысында келесі мүшелердің өкілеттіктерін тоқтату туралы шешім қабылданды:
Эльмира Әлиева — 2025 жылғы 19 мамырдан бастап;
Бақыт Байғалиева — 2025 жылғы 19 мамырдан бастап;
Иван Сауэр — 2025 жылғы 19 мамырдан бастап;
Зауреш Аманжолова — 2025 жылғы 20 мамырдан бастап;
Қайырбек Сүлейменов — 2025 жылғы 20 мамырдан бастап.
Қамқоршылық кеңестің аталған мүшелерінің өкілеттіктері олардың жазбаша өтініш беруі негізінде, өз бастамалары бойынша тоқтатылды.
Қор Қайырбек Сүлейменов, Эльмира Әлиева және Бақыт Байғалиева Қор құрылған сәттен бастап, 2022 жылғы қаңтардан бері Қамқоршылық кеңесінің құрамында жұмыс істегенін атап өтеді. Иван Сауэр мен Зауреш Аманжолова Қорға 2022 жылғы маусымда қосылған.
Қор жоғарыда аталған әрбір мүшеге Қазақстан Республикасының тұрғындарын қолдауға бағытталған қайырымдылық бағдарламаларын дамытуға қосқан үлесі, стратегиялық басшылық пен ауқымды жобаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін шынайы алғыс білдіреді. Олардың сараптамалық пікірі, тәжірибесі мен жоғары белсенділігі Қордың әлеуметтік қолдау институты ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Алғыс білдіру белгісі ретінде Қамқоршылық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменовке «Қазақстан халқынан» атты стела табысталды. Кеңес құрамынан шыққан мүшелерге кәсібилігі, біліктілігі, іске адалдығы, үлгілі еңбегі, азаматтық ұстанымы мен Қордың қызметін дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс хаттар жолданды.
Сол отырыста Қамқоршылық кеңестің құрамына үш жаңа мүше сайланды: Абзал Ералиев, Дмитрий Инютин және Гаухар Бейсеева.
Абзал Ералиев — мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері;
Дмитрий Инютин — ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетіп жүрген қоғам қайраткері, меценат;
Гаухар Бейсеева —дипломатиялық қызметтің еңбек сіңірген қызметкері.
Қамқоршылық кеңестің шешімімен Төраға болып Бану Нұрғазиева сайланды. Ол 2023 жылғы қаңтардан бері кеңестің мүшесі, қоғам қайраткері, Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі.
Қамқоршылық кеңестің Төраға орынбасары болып Гаухар Бейсеева сайланды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өз қайырымдылық бағдарламаларын ашықтық, тұрақтылық және қоғамдық кең қатысу қағидаттарына сүйене отырып, бұрын қабылданған міндеттемелерге сәйкес іске асыруды жалғастырады.