«Қазақстан халқына» қоры онкологияға шалдыққан екі баланы қымбат дәрімен қамтамасыз етті

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында онкологиясы бар екі балаға «Карзиба» (Динутуксимаб бета) атты қымбат препарат енгізілді.

Жалпы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «нейробластома» онкологиялық диагнозы бар 13 баланы «Карзиба» (Динутуксимаб бета) дәрісімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 9 бала Алматыдағы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ («ПБХҒО» АҚ) және 4 бала Астанадағы «University Medical Center» корпоративтік қорында ем-дом алады. Дәрілік затты сатып алуға жалпы сомасы 2 млрд 594 мың теңге бөлінеді.

«Карзиба» (Динутуксимаб бета) - Қазақстанда тіркелмеген, нейробластоманы емдеуге арналған құны қымбат дәрі. Емдеу бұрын химиотерапия алған және жауапқа қол жеткізген 12 айлық және одан жоғары жастағы нейробластомасы бар науқастарға, сондай-ақ қайталанатын немесе рефрактерлі нейробластома тарихы бар науқастарға арналған. Препарат тек клиника жағдайында ісікке қарсы терапия жүргізу тәжірибесі бар, сондай-ақ оқудан өткен дәрігердің қатаң бақылауымен қолданылады.

Нейробластоманы емдеу бірнеше кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда «ПБХҒО» АҚ-на медициналық қолдану үшін 120 құты көлемінде дәрілік зат жеткізілді. Онда Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында тұратын 2 жастан 6 жасқа дейінгі 9 бала ем алады. Дәрінің кезекті 100 құтысы алдағы  бірнеше күнде орталыққа жеткізіледі деп күтілуде.

Өкінішке қарай, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өңірлерде 4000 бала бақылау есебіне алынған, олардың 300-ге жуығы демеуші ем алады. Аурулар бойынша бірінші орында жедел лейкоздар – 34%, екінші орында ми ісіктері – 16%, үшінші орында нейробластомалар – 12%, содан кейін лимфомалар – 7% және ретинобластомалар – 7%. Балалардағы кейбір онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігі 70-90% құрайды. Сондықтан ем-домдауды жүргізу өте өзекті.

18 қазаннан бастап екі жасар Таира «Карзиба» (Динутуксимаб бета) препаратымен иммунотерапияның алғашқы курсын бастады. Балақай орталықтың ең белсенді, әрі сүйікті емделушіне айналып үлгерді. Анасы Таңшолпан Құрманалиеваның айтуынша, дәрінің емі салауатты өмір сүруге мүмкіндікті ашады. «Бұл баланың сауығу жолындағы соңғы қадамы», - дейді Таңшолпан. Таираның  өмірі мен емделу барысын анасы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында баяндап келеді. Кеңестерімен бөлісіп, балалары ауыр сырқатқа шалдыққан аналарға жәрдемдеседі.

Иммунотерапия курсының басталуы Таңшолпан Құрманалиеваға үміт сыйлап, атқан таңын жадыратқандай болды. Себебі, жас ана өміріндегі қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Бірнеше жыл бұрын қайын енесі мен туған әкесі қайтыс болған, ал осы жылдың тамыз айының соңында қатерлі ісікке шалдыққан жұбайынан айырылды. Өмірдің қиын сынақтарына қарамастан, Таншолпан қызының өмірін сақтап қалу үшін соңына дейін күреспек.

«Қызым Таира жақында үш жасқа толады. Бір жылға жуық нейробластомадан емделіп келеміз, қазір Алматыда емделудеміз. Осыған дейін 6 химия курсынан өтіп, ісікті алып тастау үшін операция жасалды, содан кейін сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілді. Қазіргі уақытта біз ремиссияға шығуға көмектесетін иммунотерапиядан өтіп жатырмыз. Мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұжымына, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына зор алғысымыды білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда қымбат ем түрін алдық. Енді еш жерге баруымыздың, көмекке ақша жинаудың қажеті жоқ. Енді біздің сауығып кетуге мүмкіндігіміз бар», – дейді Таираның анасы.

«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Элмира Әлиева Алматыдағы ПБХҒО-ға барып, нейробластома диагнозы қойылған емделушілермен, олардың ата-аналарымен және дәрігерлерімен кездесіп қайтты.

«Карзиба» нағыз құтқарушы дәрі-дәрмек, ол нейробластомаға шалдыққан науқастардың өмір сүруі жасын арттырады. Тіпті қатерлі ісіктің 4 сатысындағы емделушілердің өмір сүру деңгейіне ықпал ете алады. «Қазақстан халқына» қоры өзіне міндеттеме алып, осындай қымбат препаратты сатып алды. Бұрын Instagram және Facebook арқылы науқас балалар шетелде ем алу үшін қаражат жинауға мәжбүр болатын. Қазір балалар ел ішінде препараттың арқасында денсаулығын жақсарта алады. Осы үлкен, әрі игі іске ат салысқан барша қауымға рақмет. Қор мен орталық дәрігерлерінің қолдауымен балалар сауығып шығады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Элмира Әлиева.

Еске салсақ, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға, сондай-ақ ұлттық емдеу хаттамаларына енгізілмеген тіркелмеген дәрі-дәрмектерге мұқтаж ауыр науқастарды қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан халқына» қоры 42 емделушіге оның ішінде 38-і сирек және ауыр сырқаты барларға 11 млрд теңгеден астам сомаға дәрі сатып алды.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры
Дизайн десант көмегімен.