Астанада «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған «Қазақстанда ағзаларды транспланттау және донорлық» ведомствоаралық конференциясы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты ағзалардың донорлығын ілгерілету, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен тәсілдерді белгілеу, сондай-ақ елде трансплантацияны дамыту мақсатында түсіндіру іс-шараларының қажеттілігі мәселелерін талқылау болды.
Конференцияға трансплантология саласындағы мамандар, оның ішінде халықаралық сарапшылар, кәсіби қауымдастықтар, діни конфессиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын аша отырып, денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник трансплантация соңғы онжылдықтардағы, соның ішінде Қазақстан үшін де медицинадағы ең маңызды серпіліс болғанын атап өтті, бұл емделушілердің өмірін көптеген жылдарға ұзартуға мүмкіндік береді және көбінесе емдеудің жалғыз тәсілі болып табылады.
Қазақстан ағзаларды трансплантациялау бойынша жоғары технологиялық оталарды жүргізу үшін заманауи инфрақұрылымға ие. Отандық мамандар жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе трансплантациясын жоғары деңгейде жүргізеді және трансплантация нәтижелері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, бірақ донорлық ағзалардың тапшылығы тежеуші фактор болып табылады.
Жыл сайын елде ағзаларды трансплантациялауға мұқтаж емделушілер саны артып келеді. Қазіргі уақытта донорлық ағзаларды трансплантациялауды күту парағында 4 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде 100-ден астам бала.
Шақырылған спикерлер елдегі трансплантациялардың 85%-ы әдетте қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың төмен деңгейіне байланысты бауырдың немесе бүйректің бір бөлігін жақын туыстарына беретін және кейіннен мүгедектікке ұшырау және трансплантацияға мұқтаждар қатарында болу қаупі бар көзі тірі туысқан донорлардан жасалатынын атап өтті. Ал дамыған елдерде трансплантацияның орта есеппен 95%-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалады.
2022 жылы Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық 2017 жылмен салыстырғанда 5 есеге (54-тен 11-ге дейін) төмендеді. Қазақстанның ағза донорлығының әлеуеті жыл сайын 180-нен 240 адамға дейін, олардың әрқайсысы 4-тен 7-ге дейін адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Алайда, халықтың дайын болмауына байланысты донорлардың туыстары қайтыс болғаннан кейін донорлықтан бас тартады.
ҚР ДСМ бас штаттан тыс трансплантологы, профессор, ҰҒА академигі, «А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов конференцияға қатысушыларды Қазақстан Республикасындағы трансплантологиялық қызметтің дамуымен таныстырып, бар мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы айтып берді.
Қазақстанда ағза донорлығын дамыту үшін шешілуі қажет негізгі мәселе заңнамалық базаны өзгерту және негізінен «келісім презумпциясын» (болжамды келісім) қабылдау болып табылады, бұл жағдайда егер адам көзі тірісінде бас тартпаса, онда ол қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келіседі. Бұл ретте туыстарының қосымша рұқсаты талап етілмейді.
Болатбек Баймаханов өз баяндамасында ағзаларды көзі тірі донордан трансплантациялауға байланысты жағымсыз салдарларды болдырмау үшін туыстық байланысты және этикалық комиссияның жұмысын айқындау тұрғысынан заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев өз сөзінде Қордың елдегі ағза донорлығын қолдау мен дамытуға қосқан үлесі туралы айтып, қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін қолдады.
«Барлық мемлекеттерде трансплантологияның дамуын тежейтін негізгі мәселе донорлық ағзалардың тапшылығы болып табылады. Сондықтан әртүрлі елдер донорлық деңгейін арттыруға бағытталған шараларды қабылдайды: «келісім презумпциясын» ең тиімді модель ретінде қабылдау, сондай-ақ ағзалар донорлығының пайдасына қоғамдық пікірді өзгертуге бағытталған іс-шараларды өткізу», – деп атап өтті Болат Жәмішев.
Сондай-ақ, спикер трансплантацияны қажет ететіндердің пайдасына медициналық көмек көрсету процестерін жүйелі үйлестіруге, сондай-ақ азаматтар арасында донорлықты танымал ету бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін заңнамалық шараларды көздеу қажет екенін атап өтті.
Елде трансплантология мен донорлықты дамыту үшін «Қазақстан халқына» Қоры бірқатар қайырымдылық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп, көздің мүйізгек қабығының трансплантациясын қажет ететін көз ағзаларының аурулары бар пациенттерге көмек көрсету бойынша қайырымдылық бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның бюджеті 373,4 млн. теңгені құрады, бұл 2 жыл ішінде көздің мүйізгек қабығын трансплантациялау үшін 304 мүйізгек қабығын дайындауға және әкелуге бөлінген. 2023 жылдың мамырынан қазанына дейін мүйізгек қабықты трансплантациялау бойынша 81 ота жасалды. Қазақстанда донорлық материалдың жеткіліксіздігіне байланысты мүйізгек қабықтарды тасымалдау АҚШ-тан жүзеге асырылады.
2023 жылы Қор Жапония мен Непалдан 3 маманды тарта отырып, «University Medical Center» Корпоративтік Қорының базасында бауыр трансплантациясы бойынша мастер-класс өткізу үшін қайырымдылық көмек көрсетті. Мастер-кластың мақсаты отандық мамандарды ота алдындағы даярлыққа, анестезиологиялық оқу құралына, оталық техникаға және бауыр трансплантациясын жүргізуге мұқтаж пациенттерді, оның ішінде балалар жасындағы пациенттерді отадан кейінгі сүйемелдеуге үйрету болды. Елімізде жеткілікті дағды мен тәжірибенің болмауына байланысты бала жасындағы пациенттерге, әсіресе дене салмағы 10 кг-нан аз балаларға бауыр трансплантациясы жүргізілмеген.
Сондай-ақ, Қор Түркияда 2023 жылдың қараша айында оқып келген 24 өңірлік трансплантация үйлестірушілерін оқыту бойынша қайырымдылық жобасын қолдады.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес, трансплантация үйлестірушілері ағза донорлығын дамытуда қозғаушы күш болып табылады, бірақ Қазақстанда оларды кәсіби даярлау жүйесі жоқ. Осыған байланысты шетелдік көшбасшы елдердің озық тәжірибесін зерделеу және халықаралық трансплантация қоғамдастығымен интеграция арқылы ағза донорлығы қызметін күшейту қажет.
ҚР ДСМ Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Сауле Шайсултанова донорлық бағдарламаны ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Махаббат Бекбосынова қатысушылармен Қазақстанның жүрек трансплантациясы бойынша тәжірибесімен бөлісті.
ҚР ДСМ бас балалар онкогематрологы Ляззат Манжуова балалар жасындағы гемопоэтикалық жасушаларды трансплантациялау нәтижелері туралы баяндама жасады.
«Исламдағы өлімнен кейінгі донорлық: Діни қағидаттар және өмірді құтқару» тақырыбында ҚМДБ діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Қайырбеков Нұрлан Қажы сөз сөйледі, оның баяндамасынан ислам әлемінің ғалымдары трансплантация мен өлімнен кейінгі донорлықты адамдарды емдеудің рұқсат етілген әдісі деп санайды.
Қазақстанның Православие шіркеуінің протоиерейі Дмитрий Байдек өзінің «Ағза донорлығы және христиандық этика: өмірді сақтау және ақылақтық аспектілер» атты сөзінде Киелі жазбаларда трансплантацияның мүмкін екендігі туралы ешқандай сөз жоқ екенін атап өтті, өйткені жазба екі мыңнан көп жыл бұрын жазылған және ғылымның мұндай дамуы туралы ойлау мүмкін емес еді. Сондықтан біздің қоғамдағы донорлардың аз санының себебі дін саласында емес, біздің қоғамның бұл мәселедегі білімі саласында болуы мүмкін».
Сондай-ақ, конференцияға Қазақстан Республикасындағы ДДҰ елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, Беларусь Республикасының Минск хирургия, трансплантология және гематология ғылыми-практикалық орталығының «Трансплантацияның бірыңғай тіркелімі» бөлімінің меңгерушісі Сергей Лещук, Астана медицина университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры Камалжан Надыров, «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» Басқарма Төрағасы Абай Байгенжин және Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев қатысты.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру мекемелері мен азаматтық секторды ескере отырып, донорлық және трансплантация мәселелері бойынша қоғамды одан әрі ағарту, мемлекеттік ведомстволарды осы жұмысқа кеңінен енгізу қажеттілігі туралы қарар қабылданды.
Қатысушылар заң нормаларын қолданыстағы талаптарға сәйкес келтіру, атап айтқанда «келісім презумпциясын» «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске» қайтару қажеттілігіне ерекше назар аударды. Осы мәселе бойынша Конференцияға қатысушылар Үкіметке бірлескен үндеу жолдайды.