Жетісу облысының Кербұлақ ауданында екінші тірек мектептің таныстырылымы болды. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына қатысқан Қоғалы орта мектебінің оқу кабинеттері мен шеберханасы толықтай қайта жасақталды. Жобаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп жүзеге асырып отыр.
Жоба білім сапасын арттырып, озық педагогикалық тәжірибені енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Материалдық-техникалық жабдықтаудан бөлек, мектептің педагогикалық ұжымына оқыту бағдарламалары мен әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Облыс орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан Қоғалы ауылындағы орта мектеп 1980 жылы салынған. Бұл білім мекемесінің тірек мектеп мәртебесіне ие болуы мектептің де, ауылдың да дамуына тың серпін бермек.
Қоғалы мектебіне осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жасалмаған. Биыл ол «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының тізіміне енген соң аудан әкімдігі 100 млн теңгеге жуық қаражат бөліп, жылу жүйесі мен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ оған мектептің түлектері де 10 млн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.
«Мектебіміз 1200 оқушыға арналғанымен, қазір ол толық пайдаланылып жатқан жоқ. Енді тірек мектеп атанып жатқан соң жақын орналасқан шағын ауылдардағы оқушыларға да білім бермекпіз. Әрі бізде интернат бар. Онда Қоғалының шаруа қожалықтарындағы балалар оқи алады. Мектебіміздің оған әлеуеті жетеді», – дейді мектеп директоры Нұргүл Арпабекова.
«Қазақстан халқына» қоры жобаға қатысатын әр мектептің жабдықталуына 250 млн теңге бөлген еді. Осылайша, ауыл мектебінде заманауи STEM зертханасы мен телестудия пайда болып, қосымша білім беру орталықтары мен жалпы 36 оқу кабинеті жаңадан жасақталды.
«Қазақстан халқына» Қорының басшысы Болат Жәмішев жобаның негізгі мақсатына тоқталды.
«Біз бұл жобаны ауылдағы білім деңгейін көтеру мақсатында жасап жатырмыз. Тірек мектептер шалғайдағы шағын мектептердің маңызды орталығына айналуы керек. Ұстаздар тек оқушыларды емес, магнитті мектеп педагогтарының біліктілігін арттыруға септігін тигізуі керек. Екі шағын жинақты мектеп Қоғалыға жақын ауылдарда орналасқандықтан, балалар тірек мектептің тәжірибелік және зертханалық сабақтарына келіп қатыса алады. Жаңа құралдармен жабдықталған химия және физика кабинеттерінде аптасына жалпы 40 сағатқа дейін оқуға болады. Қазір оның 8-10 сағаты ғана қолданылып жүр», – деді Болат Жәмішев.
«Қазақстан халқына» қорының төрағасы НЗМ тәжірибесін пайдалана отырып, шағын жинақты мектептің оқушылары мен мұғалімдеріне онлайн форматта сабақ өткізуді және робототехника кабинеттерінде қосымша білім беруді ұсынды.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Қоғалы ұстаздарына арнап, семинарлар мен ашық сабақтар бағдарламасын ұйымдастырып жатыр. Жақын арада Талдықорғандағы НЗМ үлкен құраммен келіп, оқыту дәрістерін өткізеді. Бұдан бөлек, Зияткерлік мектеп мұғалімдері ауыл ұстаздарын тәлімгерлікке алып, онлайн форматтағы тәжірибе алмасу жобаларын әзірлеген. Осы тұста Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев Жетісу өңіріне қатысты жоспарларымен бөлісті.
«Келер жылы облыстың барлық 8 ауданын қамтымақпыз. Биыл тағы 2 білім мекемесі тірек мектеп мәртебесін алады. Біздің мақсатымыз – еліміздің әр ауданында бір мектеп ашу. Бұл мектептер жақын жерде орналасқан шағын жинақты мектептермен тәжірибе алмасуы керек. Нәтижесінде, алыс шалғайдағы ауылдың балалары да сапалы білімге қол жеткізеді», – дейді қор директоры.
Қазіргі кезеңде Жетісуда 2022-2023 жылдарға арналған «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба бойынша 4 мектеп қамтылып, әрқайсысын қайта жаңартуға 250 миллион теңге бөлінді. Олар – Ақсудағы Е.Сиқымов атындағы орта мектеп, Ескелдідегі Қ.Шестаков атындағы орта мектеп, Сарқандағы Абай атындағы орта мектеп және Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебі.