«Қазақстан халқына» қорының «Қор қызметі өңірлер үшін» атты ұлттық қайырымдылық бойынша ІІ конференцияның қорытынды отырысы өтті. Шара 4 қазанда 1000-нан астам адамның қатысуымен онлайн форматта ұйымдастырылды. Конференция жұмысына мәдениет және ақпарат, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау, спорт және туризм, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктерінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің өкілдері, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік сала саласындағы жетекші сарапшылар, қоғамдық және қайырымдылық ұйымдарының жетекшілері, донорлар, серіктестер, БАҚ өкілдері және Қордан көмек алушылар қатысты.
ІІ Конференция өңірлердің бастамаларын қолдауға арналған. Қор аймақтардың ерекшелігі мен қажеттіліктерін ескере отырып, нақты қайырымдылық бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қор төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша, осы мақсатты 7 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында азаматтық сектор өкілдері арасында Қор қызметін кешенді бағалау үшін онлайн сауалнама жүргізілген. Қоғамдық ұйымдардың 1270 өкілі өз пікірлерін білдіріп, іске асырылып жатқан бағыттар мен жобаларға бағасын берді.
Айта кетейік, Қор қызметімен таныс респонденттердің жиынтық үлесі өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 65%-құрады. Респонденттердің көпшілігі (69%) Қордың қайырымдылық саясатына қанағаттанарлық баға берген, бұл өткен жылғы нәтижелермен салыстырғанда 30% жоғары. Респонденттердің 66%-ы үшін Қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары өзекті, әрі әлеуметтік қолдау мен қорғау қызметін Қордың басым бағыты ретінде санайды. Қор қызметінің маңызды бағыттары болып «ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға көмек» (35%) және «азаматтарды бейресми оқытуды кеңейтуге жәрдемдесу» (28%) аталды.
Жұртшылықпен егжей-тегжейлі талқылау 1000-нан астам коммерциялық емес ұйымның (КЕҰ) қатысуымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша 21 тақырыптық zoom-кездесу барысында жалғасып, 75 мәселе мен ұсыныс, оларды Қор арқылы шешу жолдары айтылды.
1 қыркүйекте онлайн-форматта Қордың донорлар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қордың негізгі донорларының басшылығы қатысты.
Қордың іске асырылып жатқан бастамалары мен өңірлік жобалар барлық облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жұртшылығымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен 20 дөңгелек үстелде таныстырылды. Өңірлердегі кездесулер 4 қыркүйек пен 2 қазан аралығында 1866 адамның қатысуымен өтті. Әкімдер мен әкімдердің орынбасарлары, бейінді мемлекеттік мекемелер басшылары, КЕҰ және қоғамдық пікір көшбасшылары, мәслихаттар депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, Қордың серіктестері мен журналистер қатысты. Өткізілген жұмыстың қорытындысы бойынша «Қазақстан халқына» қоры «Өңірлер картасын» әзірлеп, жариялайды.
«II Конференция қорытындысы бойынша өңірлердегі дөңгелек үстелдер кезінде айтылған жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылықтың, КЕҰ-мен zoom-кездесулер барысындағы ұсыныстарын қарап, талдай отырып, Қор «Өңірлер картасын» әзірлейді. Онда әрбір 20 өңірдің бірегей қажеттіліктері мен ерекшеліктері ескеріледі. Аймақтағы қиындықтар мен қолға алынатын мүмкіндіктерге назар аударамыз. Әкімдіктермен әріптестік мәселелерді неғұрлым тиімді үйлестіруге ықпал етіп, өңірдің ерекшелігі қамтылады. II конференцияның қорытынды құжаттары 2024 жылғы Қор қызметінің негізі атанады», – деді «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Конференция барысында спикерлер еліміздің шалғай аудандары мен өңірлеріндегі Қор жобаларының перспективаларын, дәрілік препараттар мен шетелдік емдеуді қаржыландыру, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешудің өзекті мәселелері мен жаңа тәсілдерін, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді, сондай-ақ Қазақстанда қайырымдылық мәдениетін дамытуды атап өтті.
Қор жобаларының Павлодар облысындағы медициналық-әлеуметтік саладағы оң әсері туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, шалғай аймақты қолдау жөнінде ШҚО Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев, Ал Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов жылдам салынатын спорт ангарларды орнату бойынша бірлескен қайырымдылық жобасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды енгізу және оқытудың жаңа тәсілдері бойынша Қордың жобасы туралы айтып берді.
Дәрілік заттарды қаржыландыруды және шетелдік емдеуді іске асырудағы мәселелер мен тәсілдерді «Қазақстан халқына» қорының Басқарушы директоры София Айсағалиева, әлеуметтік сала мәселелерін Қордың денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова, ауылдық тірек мектептердің әлеуетін дамыту туралы мәселені «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева көтерсе, Қордың білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламаларды басқару орталығының менеджері Бауыржан Оразғалиев қайырымдылық бағдарламаларын іске асыру барысында назар аударылуы тиіс бірқатар аспектілерді атап өтті.
Ерекше баланың анасы, Астана қаласы әкімдігінің «№ 3 арнайы мектеп» КММ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Эльвира Әбішева арнайы мектептерді жарақтандыру жобасының балаларға әлеуметтенуге, сондай-ақ білім беру және шығармашылық ортаны құруға қалай көмектесетіні туралы айтып берді.
Сондай-ақ Қор грантының иегері ерекше студент Ілияс Дәуен сөз сөйледі.
«Мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 2 курс студентімін. Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша оқимын. Көптеген мұқтаж жастармен бірге Қордың грант иегері атанғаныма өте қуаныштымын және мақтан етемін. Ендігі арманымыз оқуды сәтті аяқтап, еліміздің дамуына үлес қосу. Осындай мүмкіндік үшін алғыс білдіреміз», – деп атап өтті өз сөзінде Ілияс Дәуен.
«Сoffeeday» кофеханалар желісінің қаржы директоры Серікқали Жамбылов бей-жай қарамайтын қазақстандықтарға қайырымдылықты дамытуға қатысуға үндеу тастады. Фандрайзинг науқаны аясында Қордың логотипі мен qr-коды бар 20 мыңнан астам шыныаяқ шығарылып, оны сканерлеу арқылы қазақстандықтар қайырымдылық жасап, балалар мен жастарға арналған инновациялық протездер дайындау бағдарламасын қолдай алады.
Қор басшысы Болат Жәмішев елімізде қайырымдылыққа қатысу үшін жағдай жасалғанын айтып, отандық бизнесті қайырымдылық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
«Қор жобаларын қаржыландыруға аз мөлшердегі сомасын жіберіп, үлесін қосып жүрген қазақстандықтардың қатары көп. Бұл қуантарлық жайт. «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының 7%-ы бағытталатыны түсінікті. Сондай-ақ, донорларымызбен жобалар үшін қажет болатын келешектегі қаржыландыру сомасын талқыладық. Қайырымдылыққа қатысу міндет емес, бірақ осы міндетті іске асыруға біздің елімізде ірі, орта, шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігі бар. Қайырымдылықты біздің Қормен ғана емес, кез келген басқа ұйыммен де қатысып, қолдау көрсетуге болады», – деп қорытындылады «Қазақстан халқына» басшысы Болат Жәмішев.
Бүгінде Қор жалпы сомасы 151,2 млрд теңгеге сомадағы 40-тан астам қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы. Оның ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт салаларында 53,5 млрд теңгеге көмек көрсетілді.