Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады.
Болат Жәмішев Президентке Қор құрылған 2022 жылдың қаңтарынан бастап ұлттық ауқымда қайырымдылықты жүзеге асырудың тұрақты моделін қалыптастырғанын айтты.
Қор қоғамдық қаржыны басқарудың ашықтық, есептілік және заңдылық, тұрақтылық сияқты негізгі қағидаттарын сақтап, елдегі қайырымдылық экожүйесінің дамуына елеулі үлес қосады. Қордың ағымдағы өтімділік коэффициенті 1.6 құрайды, бұл Қордың қайырымдылық қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Үлкен төрттік» өкілінен (Ernst&Young) аудитор сыртқы аудит жүргізді.
Қор қызметі жұртшылықтың сеніміне негізделген. 2022 жылдың шілде-қыркүйек айларында «Қазақстан халқына» I Ұлттық қайырымдылық конференциясы өткізілді, оған 1000-нан астам азамат – коммерциялық емес сектор өкілдері, Қор донорлары, сарапшылар, өңірдегі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Қор қызметінің жаңартылған Тұжырымдамасы мен Проспектісі қабылданды, қайырымдылық көмек көрсетудің нысаналы бағыттары мен құралдары айқындалды.
Қордың қайырымдылық жобалары мен бағдарламалары қоғам өмірінің маңызды салаларына айтарлықтай әсер етіп, көп жағдайда олардың дамуына жаңа серпін береді.
Қор қазақстандықтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласындағы негізгі проблемаларын шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд теңге сомаға 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетіледі. Қор бағдарламалары елдің барлық өңірлерінде іске асырылып, ауылдық елді мекендерге, моно-, шағын қалаларға баса назар аударылған.
Қордың ең ауқымды бағдарламасы – өмірге қауіп төндіретін және орфандық (сирек) сырқаты бар пациенттер үшін дәрілік препараттарды сатып алу. 324 қазақстандық үшін 24,9 млрд теңге сомасына 26 түрлі дәрілік зат сатып алынды, оның ішінде науқастардың 243-і бала. Қазақстанда алғаш рет жеті препарат, оның ішінде әлемдегі ең қымбат «Золгенсма» препараты сатып алынды. Әдетте, сатып алынатын дәрілік препараттар елде тіркелмеген және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген.
Қор қолдауының арқасында елде тірек мектептер жүйесі (80 мектеп), ауылдағы, әсіресе, шағын жинақталған мектептердегі білім деңгейін арттыру үшін құзыреттілік орталықтары құрылды.
Тірек мектептердің шағын жинақты мектептермен өзара іс-қимылы Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектепте оқытудың жаңа форматын енгізу және цифрлық технологияларды дамыту бойынша ауқымды жобада пысықталуда. Пилоттық жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен одан әрі мемлекет деңгейінде таратылады.
Қор ауылдық жерлердегі мүгедектігі бар, аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлерге жоғары білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Бүгінде республика бойынша барлығы 2 211 бакалавриат студенті – «Қазақстан халқына» қорының гранттары мен стипендияларының иегері.
Шалғай елді мекендерде спортпен шұғылдануға арналған залдардың жетіспеушілігі мен қолжетімсіздігін ескере отырып, Қор қолдауымен ауыл жастары үшін 24 спорт залы ашылды және қазіргі уақытта 76 зал құру бойынша жұмыс жалғасуда.
Жылдам салынатын модульдік спорт залдарды орнату бағдарламасын іске асыру арқылы Қор алдағы жылдары еліміз бойынша модульдік спорт кешендерінің тапшылығын 20% жабады.
Ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қор құрылғанға бұл бағыт іс жүзінде дамымады. Қазіргі таңда барлығы 4 ерте араласу орталығы және аутизмі бар басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 4 орталық ашылды, тағы да 13 орталықты ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Медициналық ұйымдар мен оңалту орталықтарын жабдықтау жөніндегі жобалардың мәні «ескіні жаңаға ауыстыру» ғана емес, бұл медициналық-әлеуметтік саладағы барлық бағыттарды толыққанды жаңғырту, қызмет көрсетудің жаңа деңгейін және заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ету.
Бұдан басқа, Қор өңірлердің аудан орталықтарында оңалту орталықтарын ашу; моно- және шағын қалаларда, ауылдарда робототехника кабинеттерін жарақтандыру; мүгедектігі бар балалар мен жастарды инновациялық протездермен және экзоскелеттермен қамтамасыз ету; көздің қасаң қабығын трансплантациялауды қажет ететін пациенттерге көмек көрсету; шетелде медициналық мамандарды оқыту; лагерьлерде ауыл балалары үшін жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша осы және басқа да қайырымдылық бағдарламаларды іске асырады.
Қызмет бағыттарын кеңейту және көрсетілетін көмек үлесін арттыру, қайырымдылық жобаларын іске асыруға жаңа серіктестер мен донорларды тарту мақсатында ағымдағы жылы 15 тамыздан бастап Қордың бастамасымен Ұлттық қайырымдылықтың II конференциясы басталды. Еліміздің 20 аймағында дөңгелек үстел форматындағы жиындарда өңірлердің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, жүзеге асыру үшін ұсынылатын бастамалар мен жобаларды айқындау бойынша талқылау өтеді.
Сондай-ақ, 7 тамыз аралығында коммерциялық емес ұйымдардың арасында сауалнама жүргізіліп, оған 1200 қоғамдық ұйым өкілі қатысып, Қордың қызметіне кешенді баға берді.
15 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында Қор денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша 1000-нан астам коммерциялық емес ұйымдардың қатысуымен 21 тақырыптық онлайн zoom-кездесу өткізді, онда жұртшылықты толғандыратын мәселелер мен шешу жолдары, Қордың қатысуы бойынша 100-ден астам ұсыныс айтылды. Сауалнама қорытындылары, жұртшылық пен өңірлерден түскен сұрақтар мен ұсыныстар бойынша талдау қазан айында Конференцияның қорытынды отырысында таныстырылады. Екінші конференцияның нәтижесі Қордың 2024 жылғы қызметінің негізі болады.