«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры (бұдан әрі – Қор) іске асырылып жатқан қайырымдылық бастамаларын және денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт және мәдениет саласындағы Қордың қатысуымен шешуге болатын өзекті мәселелерді жұртшылықпен талқылауды жоспарлап отыр. Ол үшін 7 тамызда Қордың бастамасымен Ұлттық қайырымдылық бойынша II жыл сайынғы конференция басталды.
Алғашқы Конференция өткен жылы Қор қызметінің міндеттері мен бағыттарын айқындау мақсатында 1 шілде мен 16 қыркүйек аралығында өтті. Барлық облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 1197 адамның – жергілікті атқарушы органдардың, коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, бизнес өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел форматында 20 көшпелі кездесу өткізілді. КЕҰ өкілдерімен қайырымдылық бағдарламаларын іске асыру және ынтымақтастық мәселелерін талқылау бойынша 43 zoom-кездесу өткізілді, оған Қазақстанның түрлі салаларынан және барлық өңірінен 1173 КЕҰ қатысты. Қордың қызметі туралы қоғамдық пікірді зерделеу мақсатында КЕҰ арасында онлайн-сауалнама іске қосылды және Қор демеушілерімен тереңдетілген сұхбат ұйымдастырылды. Өңірлердегі дөңгелек үстелдер мен zoom-кездесулердің қорытындысы бойынша Қорға 592 ұсыныс келіп түсті, олар жаңартылған Тұжырымдамаға және Қор проспектісіне енгізілді, Үкіметке үндеу және Конференция Декларациясы қабылданды. Аталған құжаттар қыркүйек айында 500-ден астам қатысушымен онлайн-форматта өткен Ұлттық қайырымдылық бойынша І конференцияның қорытынды отырысында ұсынылды. Бағдарламалық құжаттар жаңа қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу және іске асыру үшін негіз болды.
Биыл Конференция өңірлердің қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі бастамаларын талқылауға арналады. Қазірдің өзінде Қордың негізгі бағдарламалары ауылдық жерлерде, шағын және моноқалаларда жүзеге асырылуда. Конференция бірнеше кезеңнен тұрады. Шара Қор қызметінің бағыттарын кеңейтуге және көрсетілетін көмек көлемін ауқымды етуге, қайырымдылық жобаларын іске асыруға жаңа серіктестер мен демеушілерді тартуға бағытталған.
7 тамыздан бастап Қордың қызметін кешенді бағалау үшін, оның ішінде қайырымдылық саясатының, жұмыс бағыттарының, іске асырылып жатқан қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының өзектілігін, тиімділігін талдау үшін КЕҰ өкілдері арасында сауалнама басталды.
Конференция шеңберінде 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін Қор ҮЕҰ-мен денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша жекелеген тақырыптық онлайн zoom–кездесулер өткізеді, онда жұртшылықты толғандыратын мәселелер, сондай-ақ оларды шешу жолдары, Қордың үлесі бойынша ұсыныстар талқыланады.
Қызу пікірталас өңірлерде офлайн форматта жалғасады. 5 қыркүйектен бастап Қор басшылығы барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бейінді мемлекеттік органдардың басшыларын, КЕҰ және қоғамдық пікір көшбасшыларын, мәслихат депутаттарын, Қоғамдық кеңес мүшелерін, сарапшыларды, Қордың серіктестері мен журналистерді шақыра отырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлап отыр. Қордың қайырымдылық бастамаларын таныстыру, Қордың қатысуымен өңірде іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылау жоспарлануда. Облыстар мен қалаларда ауылдық тірек мектептерге, арнайы мектептерге, оңалту орталықтарына, медициналық ұйымдарға және басқа да нысандарға бару және мониторинг жүргізу, сондай-ақ Қордың қолдауына ие болған азаматтармен кездесу жоспарланған.
Аймақтардағы zoom-кездесулер мен дөңгелек үстелдердің қорытындысы қазан айында Ұлттық қайырымдылық бойынша ІІ конференцияның қорытынды отырысында айтылады.
«Қор жұмысының тиімділігін бағалаудағы қоғам өкілдерінің бағасын ең маңызды деп санаймыз. Өткен жылы Қор жобаларды іске асыруда тәжірибесі, кәсіби сараптамалық пікірі бар азаматтық секторды құрайтын қоғамдық ұйымдармен Қордың негізгі міндеттері мен бағыттарын айқындап, нормативтік құжаттарды әзірледік. Биыл біз осы жұмысты жалғастырып, жұртшылықпен бірге атқарылған жұмыстарға талдау жасап, жүйелі және тұрақты болатын қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларды әзірлеу үшін жаңа ұсыныстарды қабылдауға ниеттіміз. Осы бағдарламалардың арқасында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, біз кешенді көмек көрсету жүйесін қалыптастыра отырып, ең алдымен мемлекет тарапынан кеңінен енгізуге арналған жобаларды, мәселелерді шешу мүмкіндіктерін барынша көрсете аламыз. Сондықтан жұртшылық өкілдерін белсенді қатысуға шақырамыз», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Конференция туралы толық ақпарат, жоспарланған іс-шаралар мен оның кестесі Қор сайтындағы «Конференция 2023» арнайы бөлімінде жарияланады.
Бүгінгі таңда Қор денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт саласында 30-дан астам бағдарлама мен жобаны іске асырады, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде шаралар қабылдайды. Қазақстандықтарға жалпы сомасы 59 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Бекітілген қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың жалпы құны 142 млрд теңгеден асады. Қор қайырымдылық бағдарламаларын 180-нен астам серіктестерімен – министрліктермен, әкімдіктермен, мемлекеттік мекемелермен, өндіруші компаниялармен, медициналық және пациенттік ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен және қайырымдылық қорларымен бірлесіп жүзеге асырады.
Соның арқасында денсаулық сақтау саласында өмірге қауіп төндіретін ауыр және орфандық аурулары бар 324 азамат жалпы сомасы 22,8 млрд теңгеден астам қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді, 20 пациент шетелдік емделуге жіберілді, шұғыл түрде қабық трансплантациясын қажет ететін азаматтарға 33 операция жүргізілді, гемангиомасы бар 128 бала емделді, 28 өңірлік медициналық мекеме офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді, жоспарланған 13 ерте араласу орталығының 3-і ашылды. Медициналық ұйымдарды жабдықтармен жарақтандыру бөлігінде онкологиялық қызметті және балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту жөніндегі бағдарламаларды, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында онкологиялық скрининг жүргізу үшін жылжымалы медициналық кешендер құру жөніндегі жобаны, гематолог, онколог, генетиктер мен ультрадыбыстық диагностика дәрігерлерін шетелде оқыту және шетелдік мамандарды тарта отырып шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жөніндегі жобаларды іске асыру басталды.
Әлеуметтік қолдау саласында Қордың қолдауымен 96 бала мен жастар инновациялық протездерге ие болды, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5 дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды, тірек-қимыл аппараты бұзылған 13 балаға экзоскелет табысталды, жоспарланған 8 аутизмі бар балаларға арналған орталықтың 4-і ашылды, аудан орталықтарында 19 оңалту орталығын және облыс орталықтарында 6 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр, сондай-ақ психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған және аурулары бар балаларға арналған «Ақжол М» оңалту орталығын жарақтандыру жобасы іске асырылуда.
Білім беру саласында тірек ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту шеңберінде Білім беруді тұрақты дамыту қорымен және Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе 17 ауылдық тірек мектеп құрылды және 17 өңірде 63 ауылдық тірек мектеп құру бойынша жұмыс жалғасуда. Ақтөбе облысында пилоттық режимде 134 шағын жинақты мектепте оқытудың жаңа моделін енгізу басталды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 31 арнайы мектепті жарақтандырылды және 67 арнайы мектеп бойынша жарақтандыру аяқталуда. Сондай-ақ, инженерлік құзыреттілікті дамыту мақсатында 187 мектепте робототехника кабинеттері жабдықталған. 25 өңірлік ЖОО студенттеріне «Coursera» әлемдік білім беру платформасына қолжетімділік беріліп, контент қазақ тіліне аударылды. Жақсы үлгерім көрсеткен және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан 19 мыңнан астам ауыл оқушысы үшін жазғы лагерьлерде демалыс ұйымдастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 2 мыңнан астам студент білім беру гранттарының иегері атанды, ағымдағы жылы талапкерлерге 850 білім беру гранты бөлінді. Қордың жобаларын таныстыру, тиімді бастамаларды айқындау, ҚР Білім беру жүйесін одан әрі дамытуды қарастыру мақсатында 2023 жылдың 17 мамырында Астанада 850 қатысушының – ЖОО, ауыл мектептері, арнайы мектептер, министрліктер мен мемлекеттік органдар, сараптамалық қоғамдастық, БАҚ және Қор серіктестері өкілдерінің қатысуымен «Білімді ұрпақ – білімді ел» білім беру конференциясы ұйымдастырылды.
Спорт саласында Қор пара-хоккейден Қазақстан құрамасына халықаралық жарыстарға қатысу үшін спорттық жабдықтар сатып алуға қолдау көрсетті, 10 параспортшыға спорттық-жүгіру протездері дайындалды. Ауылдық жерлерде 24 спорт залы ашылды, сондай-ақ тағы 76 зал ашу жоспарланған. Өңірлерде спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында жылдам салынатын модульдік спорт залдарын орнату көзделген.
Төтенше жағдайлар кезіндегі көмек аясында Қор қайғылы қаңтар оқиғалары барысында зардап шеккен 678 адамға жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті, Абай облысында өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 127 млн теңге, сондай-ақ Петропавл қаласында өрттен зардап шеккендерге 9 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек берілді. 2022 жылы БҚО-да су тасқыны кезінде зардап шеккен 30 тұрғын үйдің құрылысы қаржыландырылды, Қостанай облысында өрт кезінде зардап шеккендерге 2 млн теңгеден көмек көрсетілді. Ағымдағы жылы Қостанай облысында өртенген Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылдық округіндегі лагерьді қалпына келтіру үшін 268 850 000 теңге сомасына балалар жазғы лагерін салуға «MyEcoHouse» ЖШС-мен шарт жасалды.