Ақтөбе облысының 134 шағын жинақты мектебінде оқытудың жаңа моделі енгізіледі

Қазақстанда шағын жинақты мектептерде (ШЖМ) цифрлық технологиялар мен оқытудың жаңа жүйесі енгізіледі. Пилоттық жоба Ақтөбе облысының 134 ШЖМ-де іске асырылып, оқытушылар құрамы тапшылығы бар шалғайдағы ауылдық мектептерді қамтиды. Жобаны «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесе ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асыруда.

Жобаның таныстырылымы 20 маусымда Ақтөбе қаласында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтың, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың, «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинованың, өңірлік білім басқармасы өкілдерінің, ШЖМ директорларының, сондай-ақ жобаны іске асырушы серіктестердің қатысуымен өтті. Жобаның мақсаты – ШЖМ-де цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтардың кәсіби дамуына қол жеткізу.

Статистика деректеріне сәйкес, Ақтөбе облысындағы 404 жалпы білім беретін мектептің 72,5%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, оның ішінде 204-і – ШЖМ. Сонымен қатар, ШЖМ ұстаздарының 40% біліктілік санаты жоқ, бұл оқушыларға берілетін білім сапасына әсер етеді. Пилоттық жоба 134 ШЖМ-ге енгізіліп, 10,5 мың оқушыны қамтиды. Мектептерде онлайн оқытуға арналған цифрлық кабинеттер және зертханалық жұмыстарды жүргізуге бағытталған ғылым кабинеттері жабдықталады.

Күләш Шәмшидинова жоба аясында мектептерді дамытудың 4 моделі іске асырылатынын атап өтті. Олар – стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді пайдалану. Әрбір модельдің тиімділігі мен кемшілігін анықтау үшін сынақтан өткізіліп, нәтижесі бойынша жобаны жетілдіру мен кең көлемде тарату бойынша ұсыныстар беріледі.

Жобаның жалпы бюджеті 4 063 255 771 теңге, оның ішінде «Қазақстан халқына» қоры 134 ШЖМ жарақтандыруға 2 064 199 025 теңге бағыттайды. Серіктестер 1 999 056 746 теңге сома көлеміндегі оқыту іс-шараларына, әдістемелік сүйемелдеуге, білім беру платформаларына қолжетімділікті ұсынуға арналған шығыстарды және әкімшілік шығыстарды қаржыландырады.

«Қордың білім беру жобаларын жүзеге асыруы, сапалы білім алуға жағдай жасауы – балалық шаққа салынған инвестициясы. Өйткені, қайырымдылық тек денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелері ғана емес, сонымен қатар білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы күрделі мәселелерді жүйелі шешу. Кез келген бала тұрғылықты жеріне қарамастан білім алуы үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс деп санаймыз», – деді «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Педагогтардың әдіснамасы мен біліктілігін арттыру жөніндегі мәселелерді Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары – Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ, «Талдау» ҰЗББО, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жобаны табысты іске асыру мақсатында Online mektep, Daryn online, Roqed science, Aman Sultan, Kundelik сияқты Қазақстанның үздік білім беру платформалары жобаға қатысатын мектептерге өз ресурстарын тегін ұсынатын болады.

Жобаның бастамашылары жобаны іске асыру тірек және магниттік мектептер мәселелері бойынша НҚА-ны жетілдіру, педагогикалық және әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындауға, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде жобаны үлгі ретінде кең таратуға септігін тигізетініне сенімді.

Конференция барысында тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту бойынша бірлескен қайырымдылық жобасын іске асыру үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» ҚҚ, Ақтөбе облысының әкімдігі және «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» ҚҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында әдістемелік қолдау мен материалдық-техникалық базасы жаңартылған №2 Бадамша орта мектебінің аралық қорытындыларының таныстырылымына қатысты.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.