Павлодарда офтальмологиялық скрининг жүргізу және шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтар таныстырылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Павлодар облыстық перинаталдық орталығы жалпы сомасы 29,9 млн теңгеге диагностикалық асфералық линзалардың екі түрімен және офтальмологиялық лазермен жабдықталған, Павлодар облыстық балалар ауруханасы 4 млн теңгеден асатын диагностикалық асфералық линзалардың екі түрімен және маңдай бинокулярлық офтальмоскоппен қамтамасыз етілді. Жабдықтарды жеткізу кезінде мамандарға оқыту жүргізілді.
Перинаталдық орталық дәрігерлерінің айтуынша, 2015 жылы орнатылған жабдық әлдеқашан ескірген соң кешенді көмек көрсетуге мүмкін болмаған. Жаңа линзалар мен лазерлар сынды құралдар бұзылыстарды уақытылы анықтап, балаларды емдеуге бағыттауға бағдар болмақ.
«2023 жылдың наурыз айында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен біз заманауи лазерлік коагуляторды алдық. Дәрігерлеріміздің жұмыс істеуіне ыңғайлы құрал, әрі перинаталдық орталық ішінде операция жүргізе береміз. Өткен жылы перинаталдық орталықта ретинопатияға шалдыққан жаңа туған нәрестелерге 40 ота, осы жылдың басынан бері сегіз ота жасалды», – дейді облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Жаңылай Қапанова.
Қор қайырымдылық бағдарламасы аясында Қазақстанның 13 өңірінде 28 медициналық ұйымды офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етті.
«Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылы елде салмағы 2500 грамнан аз 20 мыңнан астам нәресте дүниеге келді, оның ішінде 5 мыңында ретинопатияның даму қаупі жоғары. Сондықтан шала туылған балаларды офтальмологиялық скринингпен қамтуды ұлғайту, ретинопатияны уақытылы емдеу және мүгедектік деңгейін төмендету үшін Қор Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті», – деп атап өтті Ләззат Шыңғысбаева.
Аймақтық ауруханалар диагностикалық асфералық линзалар, офтальмоскоптар, және лазерлермен толықты. Барлық жабдықтың жалпы құны 307 млн теңге.