Павлодар қаласында аутизмі бар балаларға арналған орталық құрылды. Мекеменің ашылуы Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орайластырылды.
Аутизмі бар балаларға арналған орталық облыстық балаларды оңалту орталығында орналасқан. Жыл сайын мұнда 1,5 мен 18 жас аралығындағы 100-ден астам баланы қабылдайды.
Орталық аутист балалармен жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, ғимарат ішін жобалаудың бірыңғай тұжырымдамасы бойынша жабдықталған. Жиһаз сапасы берік, қауіпсіз, мобильді және баламен бірге «ұзарып, өсе» алады, әрі халықаралық талаптарға және EN және ISO стандарттарына сәйкес жасалған.
Орталықта аутизмі бар балалардың мінез-құлқын түзетудің ең тиімді әдістерінің бірі АВА-терапия және балаларды оңалтудың жаңа технологиялары: интерактивті және сенсорлық бөлмелер, сондай-ақ роботерапия қолданылады. Сонымен қатар, мамандар арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқытылып, дайындықтан өтті.
«Еліміз бойынша аутизмі бар балаларға арналған 8 орталық құрылады, соның екіншісі Павлодарда ашылды. Ерекше балалар өздерін жайлы сезініп, кешенді көмек алу мақсатында серіктестермен бірлесе ауқымды жұмыс атқарылды. Жарақтандыру «Қазақстан халқына» және «Samruk-Kazyna Trust» қорлары есебінен жүргізілсе, «Қамқорлық қоры» мамандарды оқытып, жалпы жобаны үйлестіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктер жобаны үйлестіру мен орталықтардың қызметін одан ары жүргізу бойынша қолдау көрсетуде», – деді орталықтың ресми ашылуында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Павлодар облысында аутизм спектрі бұзылған 300-ден астам бала тіркелген. Екі ерекше баланың анасы Мария Романцованың айтуынша, ата-аналар мұндай орталықты көптен күткен.
«Біздің балаларымызға сенсорлық интеграция қажет, өйткені олар бейненің тек бір бөлігін көріп, оны толығымен елестете алмайды. Ол үшін жаңа орталықта 3D проекциясын жасайтын арнайы проекторлар бар, бұл бала үшін өте маңызды, – дейді ата-ана. – Әрине, АВА терапиясының маңызы зор, ол арқылы бала табандылыққа үйреніп, жүйелі түрде жүргізілген жұмыс нәтижесінде зейінін дамыта алады».
Елімізде «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасы аясында Қазақстанда осындай 8 орталық ашылады. Жобаның бюджеті – 2,4 млрд теңге.