Қызылорда облысының Арал қаласында НЗМ стандарты бойынша тірек мектеп жабдықталды. Арал ауданындағы Ж. Әбдірашев атындағы №62 мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры (ББТДҚ) іске асыратын ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы бойынша 17-ші тірек мектеп атанды.
Оқу орны облыс орталығы Қызылордадан 446 км қашықтықта орналасқан. Мектепте 1260 бала оқып, 142 мұғалім сабақ береді. Шалғайдағы тірек мектепке 15 магниттік мектеп бекітілген. ББТДҚ НЗМ-мен бірлесе мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасына талдау жүргізді, сондай-ақ мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, оқыту курстарын анықтады. Пән мұғалімдері Республикалық білім беру бағдарламалары орталығының тренерлері өткізген екі күндік курсқа, сондай-ақ, интенсивті оқыту бағдарламасына қатысты және зияткерлік мектепте тағылымдамадан өтті.
«Ұстаздарымыз біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты, енді жаңаша жұмыс істеп жатыр. Бұрын тек теориямен шектелсе, енді практикалық жұмыс жүргізуге қол жетіп отыр. 107 педагог Түркістан қаласындағы НЗМ-де дайындықтан өтіп, қазір оқушылардың білім сапасын арттыру жолында еңбек етіп жүр. Ауданда 15 мектеп серіктес мектеп ретінде белгіленді. Қазір ұстаздарымыз сол оқу ордаларында сабақ өткізіп, білгенін үйретіп келеді. Басқа мектептерде STEM-лаборатория, арт-студия мен робототехника үйірмесі болмағандықтан, сабақ кестесі ыңғайлы болса, оқушылар мектебіміздегі үйірмелерге қатыса алады»,-деп атап өтті мектеп-лицей директоры Жасұлан Айтжанов.
Мектепте 33 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары толық жаңартылып, жабдықталды. STEM-зертхана, арт-студия, телестудия және интеллектум-кабинет ашылып, акт залы мен кітапхана заманауи техникамен жабдықталды.
«Робототехникаға 5-сыныптан қызығамын. Алғашында теледидардан, интернеттен қарап, робот жасау өнерін үйренгім келетін. Одан достарымның үйіне барып жасап көретінбіз. Жақында жасаған роботымды қазылар алқасы ұнатып, аудандық жарыста «сумо-робот» жасап, жүлделі орын алдым», – дейді жас робот құрастырушы Ернар Алтынбеков.
Еске салсақ, ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы бойынша Қазақстанның 17 өңірінде 17 ауылдық тірек мектеп құрылды. Бұл мақсатқа Қор 4 млрд 250 млн теңге бөлді (1 мектепке шамамен 250 млн теңге есебінен). Оқыту бағдарламаларын НЗМ ақысыз өткізеді. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба серіктесі Білім беруді тұрақты дамыту қорымен өтеледі.