Өңірлік ауруханалар шала туылған нәрестелердің соқырлығын анықтайтын құралдармен жабдықталды

Қазақстанның медициналық ұйымдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және соқырлығын емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді. 13 аймақтағы 28 медициналық мекеме офтальмологиялық линзалармен және офтальмоскоптармен жабдықталды, сәуір айында лазерлер жеткізілді. Сатып алынған жабдықтардың жалпы құны 307 млн теңге. Медициналық ұйымдарға жабдықтарды жеткізу мамандарды оқытумен қатар жүрді.

Офтальмологиялық жабдық шала туылған нәрестелердің көру қабілетінің бұзылыстарын (ретинопатия) анықтауға, уақытылы емдеуге және алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, Қордың ресми өкілі Диас Бейсенбектің айтуынша, Қазақстан өңірлеріндегі медициналық ұйымдардың көпшілігінде офтальмологиялық скринингке арналған жабдық жетіспейді. 2022 жылы елімізде дене салмағы 2500 грамнан аз 20 мыңнан астам нәресте дүниеге келді, оның ішінде 5 мыңға жуығында ретинопатияның даму қаупі жоғары. Сондықтан шала туылған нәрестелерді офтальмологиялық скринингпен қамтуды ұлғайту, ретинопатияны уақытылы емдеу және мүгедектік деңгейін төмендету мақсатында «Қазақстан халқына» қоры медициналық ұйымдарды шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және ретинопатияны емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаға бастамашылық етті.

«Өткен жылдың қазан айында біз Денсаулық сақтау министрлігімен және 13 өңірдің әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойдық. Денсаулық сақтау министрлігінің тізбесіне сәйкес медициналық ұйымдарға жабдықтарды жеткізу бойынша үш жақты шарттар жасалды. Бағдарлама бойынша 28 медициналық ұйым жарақтандырылады, оның ішінде 17 облыстық, 6 қалалық және 5 аудандық аурухана бар. Жабдықтардың көпшілігі жеткізілді, сондықтан жыл басынан бері ауруханаларда нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізілуде. Қазір бірқатар медициналық ұйымға офтальмологиялық лазерлерді жеткізу аяқталуда», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Диас Бейсенбек.

Жезқазған қаласының Облыстық көпсалалы ауруханасы жалпы сомасы 4 млн теңге болатын диагностикалық асфералық линзалардың екі түрімен (412 мың теңге) және маңдай бинокулярлық офтальмоскоппен (3 млн 683 мың теңге) жабдықталды. Бүгін жабдықтарды таныстыру барысында аурухана директоры Ғабиден Аханов жабдықтың шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтауға және уақытылы емдеуге мүмкіндік бергенін айтты. Осы жылдың қаңтар айынан бастап 38 жаңа туған нәрестеге скрининг жүргізілді.

«Қаңтар айынан бастап Ұлытау облысының түкпір-түкпірінен келген пациенттерге кешенді тексеру жүргізе бастадық. Офтальмологиялық скрининг төрт кезеңнен тұрады. Ең алдымен шала туылған нәрестелердің ішінен ретинопатияның даму қаупі жоғары топты анықтаймыз, содан кейін баланың көз түбіне алғашқы тексеру жүргізіледі. Үшінші кезеңде жаңа туған нәрестелердің көз түбінің жай-күйін қайта қарау және мониторингілеу жүреді,  диагнозы қойылады, офтальмологиялық көмек көрсетуді, жедел емдеуге жіберуді қажет ететін нәрестелер тобы айқындалады. Соңғы кезеңде операциядан кейінгі тексеру жүргізілуде және жалпы мониторинг аяқталады», – деп түйіндеді Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының директоры Ғабиден Аханов.

Айта кетейік, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы – көру қабілетінің нашарлауының, көру қабілетінің бұзылуының және балалардың соқырлығының негізгі себептерінің бірі.

Фото: Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.