Жамбыл облысының Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы мектеп ауылдық тірек мектептерді дамытудың кешенді бағдарламасына енгізілген аймақтағы алғашқы тірек мектеп атанды.
«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырылуда. НЗМ жабдықтау стандарты бойынша 35 оқу кабинеті мен шеберхана, сондай-ақ STEM-зертхана, АРТ-студия, интеллектум холл, кітапхана және телестудия жаңартылды. Ал ұстаздарға зияткерлік мектеп мамандары оқыту ұйымдастырып, әдістеме ұсынды.
Оқу қабырғасында 935 бала білім алады, 116 педагог жұмыс істейді. Облыс орталығы Тараз қаласынан 165 шақырым жерде орналасқан ауыл мектебі енді ауданның басқа да мектептерімен өз тәжірибесімен бөлісе алады.
«Қор құрылғаннан бері 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске асырудамыз. Ауылдық тірек мектептері бойынша жобаның міндеті ауылдық аймақта ауданның өзге де оқу орындары үшін құзыреттілік орталығына айналатын тірек мектептерді құру. Сондықтан барлық оқу кабинеттері мен қосымша білім беру кабинеттері заманауи талаптарға сәйкес жабдықталды, ал мұғалімдерге білім технологияларын жетілдіру мен тәжірибесін өңір мектептеріне одан әрі тарату мақсатында оқыту курстары ұйымдастырылды», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев «Қазақстан халқына» қорының ауылдық білім беру мәселелерін шешуге жүйелі ат салысуының маңыздылығын айта келе, Саудакент ауылындағы Б. Адамбаев атындағы мектептің облыс үшін үлгілі мектепке айналғанын екенін атап өтті.
Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, олар НЗМ-мен бірлесіп мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстарын анықтады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша «Қазақстан халқына» қоры 17 ауылдық тірек мектепті құруды жоспарлап отыр. Жобаның бюджеті 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке шамамен 250 млн теңге есебінен). Бүгінгі таңда Қор 15 ауылдық тірек мектепті жабдықтап, мұғалімдерге оқыту курстары мен тағылымдамадан өткізу түрінде әдіснамалық көмек көрсетті.