«Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Ақтөбе облысындағы ауылдық тірек мектеп жарақтандырылды.
Алға ауданының Бестамақ орта мектебінде «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында 27 оқу кабинеті мен шеберханалар жаңартылды. Бағдарлама үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу, тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету арқылы аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесуге бағытталған.
«Біздің мектеп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының арқасында шынымен де жайлы мектеп атанды. Мектептің материалдық базасын жаңартып қана қоймай, ұжымға өз шеберлігі мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік берілді. Жобаның ұйымдастырушылары мен демеушілеріне алғыс білдіреміз», - деді мектеп директоры Анар Ізтелеуова.
Осылайша, пәндік кабинеттерден басқа мектепте робототехника және информатика кабинеттері, Intellectum холл, STEM-зертхана, ART-студия, тіпті жеке телестудиясы ашылды. Мектеп кітапханасы мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін қосымша білім беру ресурстық алаңына айналды. Оқу орнын жаңартуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен 249,8 млн теңге жұмсалды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – бірыңғай стандарт бойынша мектептер салу, ондағы орын тапшылығы мәселесін жүйелі шешу. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» маңызды жобасы жұмыс істейді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесін қолданған ауылдағы тірек мектептер облысымыздың тағы бірнеше аудандарында пайда болады. Жобаны жүзеге асыру ауылда оқитын оқушыларға өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді», – мектептің таныстырылымына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен бірге, жобаның серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Осы талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар тізбеленді, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталды.
«Мектепте аналитикалық топ құрылды, ол жүйелі негізде оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелеріне мониторинг жүргізеді, алынған талдау деректері мектеп қызметін жақсартуға пайдаланылады. Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – мектептегі өзгерістерді басқаратын мектеп командасын құру. Жобаны іске асыру Бестамақ тірек мектебіне өз аймағындағы үздік педагогикалық практикалардың хабына айналуға мүмкіндік береді», – деп есептейді «НЗМ» ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова.
Ақтөбе зияткерлік мектебінде мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін пәндік тағылымдамалар өткізілді. Шара семинарлар, вебинарлар, тағылымдамалар, мастер-кластар мен практикумдар түріндегі әдістемелік қолдаумен сүйемелденеді. Ұстаздар мен мектепті әдістемелік сүйемелдеу 2025 жылға дейін жалғасады.
«Жобамыз бес міндетті орындап отыр. Олар – ауылдық мектептерде оқыту технологияларын жетілдіру, тірек ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру, тірек мектептердің тәжірибесін Ақтөбе өңірінің мектептеріне, оның ішінде шағын жинақты мектептерге тарату. Төртіншісі – мектепті ауылдың комьюнити орталығы ретінде дамыту. Бесінші – жауапкершілік пен бей-жай қарамаушылық сияқты қоғамдағы мінез-құлықтың жаңа моделін моделін белгілейтін құндылықтардың дұрыс жүйесі бар қамқор қазақстандық қоғамдастықты қалыптастыру», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Еске салсақ, Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауыл мектебін жабдықтауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке шамамен 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола (Қатаркөл а., Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс а., № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл а., Урицкий ом.), Қарағанды (Ақтоғай а., К.Байсейітова ат.ом.), Абай (Аягөз қ., Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы), Ұлытау (Ұлытау а., Ұлытау жалпы білім беретін ом. №1), Шығыс Қазақстан (Марқакөл а., №1 ом), Жетісу (Жансүгіров а., Е.Сиқымов ат.ом), Ақтөбе (Бестамақ ом.) облыстарында 9 тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілді.