Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 2267 студент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттарының иегері атанды. Қор оқу ақысы мен шәкіртақыны төлеуге 9 млрд теңгеден астам қаражат бөледі. Қордың қайырымдылық бағдарламасы биыл алғаш рет 2022-2023 оқу жылында жүзеге асырылуда.
Грант бакалавриат бағдарламалары бойынша 1 миллион теңгеге дейінгі оқу құнын өтейді және оқуға түсу үшін ҰБТ-ның қажетті өту балын жинаған және мемлекеттік немесе өзге грант алмаған талапкерлерге, сондай-ақ байқау шарттарына сәйкес ақылы бөлімдердің студенттеріне беріледі.
Мүгедектігі бар, жетім немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ауылдық жерлерде аз қамтылған отбасылардан, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатарынан, ата-анасы мүгедек болып табылатын ауылдық мектеп түлектері мен ақылы бөлімдегі студенттер «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» бағдарламасы аясында 86 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (ЖЖОКБҰ) оқып, стипендия алады. Грантты «өтеудің» қажеттілігі жоқ және шәкіртақы үлгерімге қарамастан төленетін болады.
«Аз қамтылған отбасылардың, жетім балалар мен мүгедек балалардың көпшілігінің жоғары білім алу үшін қаржылық мүмкіндігі жоқ. Елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар барлық мұқтаж жанның қажеттілігін өтей алмайды. Сондықтан «Қазақстан халқына» қоры білім беру гранттары бойынша қайырымдылық бағдарламасын іске қосып, жастарға жолдама беріп отыр», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.
Грант иегерлерінің бірі – қостанайлық Мейрам Иманов. Есту қабілеті бойынша мүгедек жігіт А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің дене шынықтыру бөлімінің бірінші курсында оқиды.
«Бала кезімнен спортпен шұғылданамын және әрдайым осы мамандыққа түсуді армандайтынмын. Өкінішке орай, биыл мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Алайда, Президентіміздің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры маған тегін білім алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен үстел теннисінен спорт шеберімін және футболдан спорт шеберіне үміткермін. Болашақта мұғалім атанып, ерекшеліктері бар балаларды оқытуды көздеп отырмын. Оқу үрдісі өте ұнайды. Университет нағыз маман атану үшін сапалы білім беруде. Мемлекет басшысына және «Қазақстан халқына» қорына мүмкіндік бергені үшін, сондай–ақ оқу орнына сапалы білімі үшін алғыс айтқым келеді», – дейді Мейрам Иманов.
Білім беру гранттарын алу үшін ағымдағы жылғы талапкерлерден барлығы 740 өтінім келіп түсті, оның ішінде 729 студентке грант тағайындалды. Бұл ретте байқауды ЖЖОКБҰ жанынан құрылған комиссиялар өткізді.
Ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер арасындағы гранттар байқауы Қордың серіктестері – «Taiburyl» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ платформасы арқылы 3 кезеңде өтті. Студенттерден 6418 өтінім берілді. «Тайбурыл» ҚБ және «Эндаумент КАЗГЮУ» КҚ конкурстық комиссияларының қорытындысы бойынша 1538 студент Қор грантына ие болды. Игерілген гранттардың жалпы саны – 2267 құрады. Грант алған студенттердің тізімі Қордың сайтында жарияланды. Нәтижесінде алдағы 4 жылға 2267 студентпен және 86 ЖЖОКБҰ-мен (6 жылға медициналық жоғары оқу орындарымен) 9 млрд теңгеден астам сомаға шарт жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, Қордың білім беру гранттары жөніндегі бағдарламасының мақсаты – ауыл мектептерінің түлектері мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерді қолдау, азаматтардың осы санаты үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру. Стипендияларды қоса алғанда 2022-2023 оқу жылына арналған бағдарламаның бюджеті 2 455 600 мың теңгеге дейін. Бағдарламаның 4 жылға арналған жалпы бюджеті (грант және стипендия) 13 млрд теңгеге дейін.