«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылындағы Күләш Байсейітова атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталығы) материалдық-техникалық базасын жаңартты.
Ақтоғай ауылы облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Толығымен қазақ тілді мектепте 50 мұғалім жұмыс істеп, 380 бала оқиды. Мектепте 24 оқу кабинеті мен шеберхана жаңартылып, жабдықталды. STEM-зертхана, арт-студия және телестудия ашылды.
Материалдық база жаңарту «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жүргізіліп, 249 825 000 теңге жұмсалды. Бағдарлама мақсаты – мектепті жарақтандыру ғана емес, сонымен қатар оқу орнын жақын маңдағы шағын комплектілі мектептер үшін құзыреттілік орталығы ретінде қалыптастыру.
Тірек мектептің тұсаукесері «Ашық есік күні» форматында өтіп, оған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әлімқұлов, Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, «Aitas» холдингінің вице-президенті Ксения Верба, сондай-ақ Қордың серіктестері мен мектеп ұжымы қатысты.
«Жобаның арқасында оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды, ал мектеп ұстаздары оқытудан өтіп, НЗМ мамандарынан әдістеме алды. Мектепте нағыз энтузиаст мамандар жұмыс істейтінін атап өткім келеді! Мұғалімдердің құлшынысы жоғары, ұйымдастырылған тренингтер мен семинарлардан алған білімді барынша тиімді пайдаланып, сатып алынған жабдықты 100% қолдануды мақсат етіп отыр», – деп атап өтті Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Бүгінде сабақтар жаңаланған кабинеттерде өтіп жатыр. Мектепте физика бойынша жоба аясында оқушылар Күләш Байсейітованың дауыс ырғағын ғылыми құбылысы ретінде қарастырып, оны формулаға айналдырды. Ал бастауыш сынып оқушылары гидропониканы дамыту жобасымен айналысуда. Ұстаздар мен білім алушылар қауымы материалдық-техникалық базаны нығайту көптеген жаңа жобаны іске асыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
«Қазақстан халқына» қорының серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «НЗМ» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмысты аяқтады. Талдау нәтижелері мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталды. Жоба аясында Қарағанды қаласының НЗМ мектебінің базасында тірек ауыл мектептері мұғалімдерінің тағылымдамадан өту бағдарламасы басталды. Тағылымдамалар демалыс кезеңінде өткізіліп, жоба іске асырылған сайын жалғастырылатын болады. 9-10 желтоқсанда мектеп базасында «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбы бойынша екі күндік офлайн оқыту курстарын өткізу жоспарлануда. Пән мұғалімдеріне арналған 14 мектеп пәні бойынша курстарды республикалық білім беру бағдарламалары орталығының жаттықтырушылары жүргізеді.
Сонымен қатар, педагогикалық ұжым үшін интенсивті оқыту бағдарламасы жоспарланған. Интенсивті бағдарлама аяқталғаннан кейін мектепке 2025 жылға дейін үш жылдық әдіснамалық қолдау көрсетіледі.
Оқыту мен әдістемені НЗМ мамандары ақысыз негізде өткізеді, барлық әкімшілік және ұйымдастырушылық іс-шараға жұмсалатын шығындар Білім беруді тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы «Aitas» холдингінің демеушілік қаражаты есебінен өтеледі.
Еске салсақ, Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыруда. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте тірек ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу. 17 ауыл мектебін жабдықтау жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола (Қатаркөл ауылы, Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс ауылы, № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл ауылы, Урицкий ом.) және Қарағанды (К.Байсейітова ат.ом.) облыстарында төрт тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілді.