Жақ-бет аймағындағы ауытқулар туа біткен ақаулардың көп бөлігін құрайды, ал ауыз қуысының жырықтары екінші орында. Туа біткен ақаулар бүкіл әлемде балалар өлімі мен сырқаттанушылықтың жетекші себептерінің бірі болып табылады. Кішкентай науқастың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндірумен қатар, жақ-бет ақаулары баланың өмірінің әлеуметтік компонентінде маңызды рөл атқарады. UMC Ана мен бала орталығының дәрігерлері Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен Пьер Робен синдромы мен Гольденхар синдромы бар балаларға операция жасады.
Пьер Робен синдромы – бұл жақ-бет аймағының туа біткен ақауы, онда баланың төменгі жақ сүйегі дамымай, тілі батып, таңдай жырығы болады. Гольденхар синдромы – төменгі жақтың, ішінара жоғарғы жақтың дамымауы, құлақ арнасының табиғи саңылаулары мен арналарының бітелуі және жүрекшенің болмауы. Гольденхар синдромы бар балалар көбінесе өздігінен тамақтанып, дем ала алмайды. Мұндай жағдайларда түтіктер арқылы тамақтандыруға және тыныс алуға жүгінуге тура келеді.
Пьер Робен синдромы — бұл туа біткен ақау ғана емес, сонымен бірге өмірге тікелей қауіп төндіруші себеп. Мұндай диагнозы бар балалар 25% жағдайда, егер оларға уақытында хирургиялық көмек көрсетілмесе, алты айға дейінгі мерзімде қайтыс болады.
2024 жылғы ақпанда UMC Ана мен бала орталығында Пьер Робен синдромы бар екі кішкентай пациентке және Гольденхар синдромы бар бір науқасқа операция жасалды. UMC мамандары төменгі жақ сүйегін ұзарту әдісін – тіл алға жылжып, тыныс алу жолдарын ашатын қысу-дистракциялық остеосинтезді қолданды. Нәтижесінде жақ фрагменттері арасында жаңа сүйек тіндері пайда болады.
Хирургиялық араласу арқылы жас пациенттердің өміріне негізгі қауіптер жойылды. Бүгінгі таңда пациенттер дәрігерлердің мұқият бақылауында, олардың денсаулық жағдайы тұрақты, балалардың бірі үйге шығарылды.
Бұрын осы диагноздары бар барлық балалар хирургиялық емдеу үшін шетелдік клиникаларға жіберілетін. Қазіргі уақытта UMC хирургтары бұл операцияларды өз бетінше жасай алатын болды. Алайда бұл медициналық өнімдер елде тіркелмеген және тиісінше ТМККК және МӘМС қаражаты есебінен өтелмейді.
Аталған бірегей операцияларды жүргізу «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен мүмкін болды, ол үш балаға UMC Ана мен бала орталығы базасында реконструктивтік-пластикалық операцияларды жүргізу үшін дистракциялық аппараттар сатып алуға қайырымдылық көмек көрсетті. Осы мақсатқа Қор 22,3 млн теңге бөлді.
6 қыркүйекте пациенттердің бірінде операцияның екінші кезеңі, яғни компрессиялық-дистракциялық аппаратты алып тастау процедурасы аяқталды. Операция баланың өздігінен тыныс алуына, жұтынуына, сөйлеуіне және естуіне мүмкіндік берді.
«2024 жылғы ақпанда менің балама UMC Ана мен бала орталығында Гольденхар синдромынан туындаған ақауды түзету үшін операция жасалды. Операция сәтті өтті. Біз төрт жарым сағатқа созылған күрделі операция үшін алаңдадық, операциядан кейін жарқын болашаққа деген үмітіміз пайда болды. Аппараттарды сатып алуға жәрдем көрсеткені үшін «Қазақстан халқына» Қорына алғыс айтамын. Сондай-ақ, біз ем қабылдаған №2 Балалар хирургиясы бөлімінің мамандарына алғыс білдіремін. Мені мамандардың өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны өте қуантады», - деп бөлісті 10 жасар Абзалдың анасы Жұлдызай.