Бүгін Петропавл қаласындағы Бірлік шағын ауданында (Солнечный-2) «Қазақстан халқына» қорының қаражатына салынған 47 жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Жаңа тұрғындарды айтулы оқиғамен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева құттықтады.
Осылайша, су тасқынынан үйлері қирап қалған 100 отбасы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қоныс тойын тойлап үлгерді. Екі апта бұрын жаңа «Бірлік» шағын ауданында алғашқы 53 үйдің қожайындарына құжаттары тапсырылған болатын. Соңғы кезеңде тағы 100 үй тапсыруға дайындалып жатыр, оны қор «Қазақмыс» корпорациясының мақсатты жарнасы есебінен салып жатыр.
«Үйлер суық ауа райы басталмай тұрып, су тасқынынан зардап шеккендердің барлығын орналастыру үшін қысқа мерзімде салынды. Бүгін облысқа Елбасының тапсырмасымен салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын тексеру үшін келдім. Құрылыс қарқыны жақсы, ең бастысы қарқынын бәсеңдетпеу керек. Облыс су тасқынының салдарын жоюдың белгіленген мерзімін орындайды деп ойлаймын», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспана мәселесі жедел шешілуде. Жаңа «Бірлік» шағын ауданында демеушілердің қаражатына барлығы 600 үй салынуда.
«Бүгінгі күн есімде ұзақ сақталады, эмоцияларарым тасып тұр. Мен осындай әдемі үйде тұратыныма өте қуаныштымын, гүлдер отырғызатын өз учаскем болады. Үй жарық, кең, ішінара жиһаздалған, кіріп тұруға дайын. Қиын уақытта бізді тастап кетпей, қамқорлық көрсеткен мемлекетімізге мың алғыс», – дейді жаңа қоныстанғандардың бірі Ғалия Хамзина.
– Подгорада 22 жыл тұрдық, әйелім екеуміз жеке үйге үйреніп қалдық. Енді орналасамыз, жағдай керемет, әйелім ас үйдің үлкен екеніне қуанышты, аула біздің ортақ қуанышымыз, қыдыратын және әдемшілік жасайтын жері бар. Бүгін біз дем шығардық, жаңа баспанаға үйренеміз. Жаңа әрі әсем шағын ауданда тұратынымызға қуаныштымыз», – дейді Александр Ошмаров.
Су тасқынынан зардап шеккен елдің 6 облысында "Қазақстан халқына" қорының қатысуымен 590 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы мақсаттарға 10 млрд теңге, сондай-ақ а.ж. 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында жиналған 6,5 млрд теңге сомасында қайырымдылықтар бөлінді.