БАҚ-та және әртүрлі қоғамдық алаңдарда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сирек кездесетін аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмек сатып алудың қосымша көлемін «Қазақстан халқына» Қорына беру мүмкіндігі туралы бастамасын талқылауға байланысты, Қор келесі түсініктеме беру қажет деп есептейді.
Қор үкіметтік емес қоғамдық қайырымдылық ұйымы болып табылады және денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында жобаларды жүзеге асырады. Қор жыл сайын қайырымдылық конференцияларын өткізіп, онда еліміздің жұртшылығы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері ұйымның қызмет бағыттарын талқылайды.
Қордың әлеуметтік саладағы мәселелерді жүйелі шешуге бағытталған бағыттары бойынша маңызды бағдарламалары:
Денсаулық сақтау. Екінші және үшінші деңгейдегі онкологиялық препараттармен және құрал-жабдықтармен жарақтандыру бөлігінде «Онкологиялық қызметті QH дамыту»; республиканың шалғай өңірлеріндегі халықты қатерлі ісікке дер кезінде скринингтік тексеруге және профилактикалық тексеруге бағытталған «QH Денсаулық Жолы» жобасы; Ерте араласу орталықтарын жабдықтау.
Білім. «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту»; Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Қордың білім беру гранттары».
Әлеуметтік қорғау және қолдау. Оңалту орталықтарын құру жобалары; «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды (14-29 жас) инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету»; «Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оңалту» техникалық оңалту жабдықтары паркін дамыту бойынша пилоттық жоба.
Спорт. Ауылдық жерлерде «Балаларға арналғар 100 спорт залы» бағдарламасы; «Ауылдық елді мекендерде, моно және шағын қалаларда құрастырмалы модульдік спорт залдарын орнату арқылы спорт инфрақұрылымын дамыту».
Мәдениет. Батыс Қазақстан облысындағы ауылдық кітапханалар базасында «Жана клуб» мәдениет үйлерін (қоғамдық орталықтарын) құру» пилоттық жобасы.
Сонымен қатар, Қор төтенше жағдайларда зардап шеккен Қазақстан Республикасының халқына көмек көрсетеді. Мәселен, 2024 жылғы су тасқыны жағдайының ауқымын және оның салдарын ескере отырып, Қордың Қамқоршылық кеңесі еліміздің 6 облысында су тасқынынан зардап шеккендерге үй салу арқылы 10 миллиард теңге көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 сәуірі мен 31 мамыры аралығында Қорға түскен барлық қаржы да үй құрылысына жұмсалады. Бүгінгі таңда жиналған қаражатты есепке алғанда, қор қаражатына салынып жатқан үйлердің жалпы саны 649 үйді құрайды.
Қор құрылған 2 жыл ішінде сирек кездесетін ауруға шалдыққан 400-ден астам науқасқа 43 миллиард теңгеге инновациялық және қымбат дәрі-дәрмекті сатып алды. Бүгінгі таңда қор 13 сирек ауруға қарсы 18 дәрімен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ұйым 7 онкологиялық ауруға арналған мақсатты және онкоиммунологиялық препараттардың 15 түрін сатып алады. Қордың екі бағдарламасы бойынша дәрі-дәрмекпен емдеуден өткен науқастардың саны қазіргі уақытта 1118 адамды құрайды (орфандық аурулар – 426 науқас, онкологиялық аурулар – 692 науқас).
2024 жылдың басынан бері орфандық дәрі-дәрмек бағдарламасы бойынша 120 науқас, 2024 жылы онкологиялық препараттар бағдарламасы бойынша 565 науқас дәрі алды. Қор бекіткен дәрілік заттардың тізімі бойынша дәрі-дәрмек алатын науқастардың саны өсіп келеді. Жалпы, тек 2024 жылдың өзінде Қор 1223 науқасқа көмек көрсетуді жоспарлап отыр, оның ішінде 258-і орфандық аурумен, 965-і қатерлі ісікпен ауырады. Айта кетейік, елімізде балалар балалар онкологиясы орфандық аурудың қатарына жатады.
Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қоры 2024 және 2025 жылдарға арналған өз қаржы ресурстары есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың тізімін кеңейту мәселесін қарастырмайды және қарастыруды жоспарлап отырған жоқ.
Бұл ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне, соның ішінде 7 маусымда қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен жеке кездесуінде министр Ақмарал Әлназароваға да айтылды.
Қор өзіне алған жауапкершілікті түсінеді, сирек және онкологиялық аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бұрын қабылданған барлық міндеттемелер мүлтіксіз орындалатынына назар аударады.