2025 жылдың 28 наурызында Батыс Қазақстан облысында өңірдің мәдени өмірі үшін маңызды оқиға орын алды – Казталов және Ақжайық аудандарында ауыл кітапханаларының базасында екі “Jaña Klub” комьюнити-орталығы ашылды. Бұл – дәстүрлі кітапханаларды жаңғыртуға бағытталған маңызды бастаманың жалғасы. Енді ауыл тұрғындары тек кітап оқып қана қоймай, сонымен қатар білім беру және мәдени шараларға қатыса алады.
Ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Чинкисбаева, «Қазақстан халқына» қорының орынбасары София Айсагалиева және ТАНА қорының негізін қалаушы Камила Лукпанова қатысты. Сонымен қатар, жергілікті халық өкілдері мен балалар да қонақ болды.
Салтанатты шара барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: «Казталов және Ақжайық аудандарында заманауи кітапханалардың ашылуы – өңіріміздің мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Енді тұрғындар үшін жай ғана кітапхана емес, білім, шығармашылық және қарым-қатынас орталығы пайда болды. Мұндай бастамалар жерлестеріміздің әлеуетін ашуға, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға және өзін-өзі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі деп сенеміз», - деп атап өтті.
Жоба «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бастамасы аясында, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Чинкисбаева келесіні атап өтті:
«Биыл 23 сәуірде Қазақстанда алғаш рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен белгіленген Ұлттық кітап күні аталып өтеді. Біз осы маңызды оқиғаның бір бөлігі болып, кітапханаларды жаңғыртуға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Заманауи комьюнити-орталықтар – бұл жай ғана жаңа қабырғалар мен кітаптар емес, олар – білім жанданып, таланттар ашылып, мәдени дәстүрлер нығая түсетін мүмкіндіктер орталығы. Әрбір келуші – бала болсын, ересек болсын – мұнда әлемдік білім ресурстарына қолжетімділік, шығармашылық шеберханалар немесе еркін қарым-қатынас алаңдары ішінен өзіне құнды нәрсе табады деп сенеміз. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция, және біз серіктестерімізбен бірге мәдениет пен білімді өңір тұрғындары үшін шын мәнінде қолжетімді етудеміз».
«Қазақстан халқына» қоры 25 кітапхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және кітап қорын жаңартуға 797 млн теңге бөлді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ғимараттарды жөндеуге 197,8 млн теңге қаржы салды. TANA қоры жобалық басқаруды ұйымдастыруға 53,5 млн теңге бағыттаса, қызметкерлерді оқытуды қамтамасыз ететін «Жас көшбасшылар қауымдастығы» ҚБ 22,67 млн теңге бөлді. Жобаның жалпы бюджеті – 1 070 936 284 теңгені құрайды.
Өңірде 2025 жылдың соңына дейін 9 мың шаршы метр кітапхана кеңістігін қайта жаңғырту, сондай-ақ 100-ден астам кітапханашыны арнайы қайта даярлықтан өткізу жоспарлануда. Комьюнити-орталықтар 130 мыңнан астам адамды қамти отырып, тұрғындарға білім беру ресурстарына, шеберлік сабақтарына және мәдени іс-шараларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Jaña Klub» жобасы аясындағы 25 кітапхананың барлығы сәуір айының соңына дейін ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 12 комьюнити-орталық жаңғыртылды.
Айта кету керек, сәуір айында Қазақстан алғаш рет Кітап күнін атап өтеді, бұл кітапханалардың елдің мәдени өміріндегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.
Комьюнити-орталықтар барлық жастағы тұрғындардың қажеттіліктеріне бағытталған. Мұнда оқушылар, студенттер, жергілікті белсенділер, аға буын өкілдері және қоғам мүшелері уақыттарын тиімді өткізе алады.
Жаңартылған кеңістіктердің ерекшелігі – олардың мультифункционалдығы. Мысалы, 725 шаршы метрді алып жатқан Ақжайық ауданындағы комьюнити-орталық келушілерге бірегей тақырыптық аймақтарды ұсынады: дәстүрлі музыка әуесқойлары үшін «Домбыра» және «Ән-күй», қолөнермен айналысатындар үшін «Тігін», ал отбасылық демалыс үшін жайлы «Ана мен бала» аймағы. Сондай-ақ, мұнда қауіпсіз интернет және заманауи web-55 жүйесі қарастырылған, бұл кітапхананы тек оқу орны ғана емес, білім алатын және шығармашылық кездесулер ұйымдастыратын ыңғайлы алаңға айналдырады.
Кем түспейтін тағы бір қызықты комьюнити-орталық Казталов аудандық кітапханасында құрылды. 662 шаршы метрді қамтитын бұл кеңістікте әдебиет талқыланатын «Сана» оқырман клубы, қолданбалы өнерге қызығатындар үшін «Шебер қолдар» клубы, және суретшілер өз тәжірибесімен бөлісіп, шабыт алатын «Мозаика» шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді.
Кітапханалардың өзгеруі Қазақстандағы білім беру және мәдени инфрақұрылымды дамытуға белсенді қатысып отырған TANA қорының қолдауының арқасында мүмкін болды. Қордың көмегімен кітапханаларда инновациялық білім беру бағдарламалары, интерактивті аймақтар және технологиялық шешімдер енгізілетін болады, бұл халық арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
«Кітапханаларды жаңғырту – бұл жай ғана ғимараттарды жөндеу емес, бұл – білім алу, шығармашылықпен айналысу және қарым-қатынас жасауға арналған заманауи орталықтар құру. Біз мұндай комьюнити-орталықтар оқу мәдениетін нығайтуға көмектеседі және жергілікті қауымдастықтардың өмірінің маңызды бөлігіне айналады деп сенеміз», – деп атап өтті TANA қорының негізін қалаушы Камила Лукпанова.
Кітапхана қорларын толықтыруға 68 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қорға 800-ден астам жаңа кітап қосылады, оның ішінде қазақстандық және шетелдік авторлардың еңбектері бар. Сонымен қатар, кітапханалар заманауи музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Жаңа комьюнити-орталықтар белсенді демалысқа, кездесулерге және білім беру бастамаларына жағдай жасайды.
Өңірдегі кітапханаларды жаңғырту өз тиімділігін көрсетіп үлгерді – жаңартылған комьюнити-орталықтарға келушілер саны артты, ал мәдени және білім беру бағдарламалары жергілікті тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды. Казталов және Ақжайық аудандарындағы кітапханалар да кітап оқумен қатар, өзін-өзі дамыту, шығармашылық және қарым-қатынас мүмкіндіктерін ұсынатын танымал қоғамдық комьюнити-орталықтарға айналады деп күтілуде.
Қайырымдылық жоба аясында өңірдегі кітапханалар тек оқу орны ғана емес, әрбір тұрғын өзіне пайдалы әрі қызықты нәрсе таба алатын заманауи орталықтарға айналмақ.