«Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысында онкологиялық аурулармен күресу үшін сызықтық үдеткіш сатып алды

2025 жылғы 12 наурызда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және онкологиялық қызметті дамыту шеңберінде «Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ КМК-да жаңа медициналық қондырғылардың таныстырылымы болды.

Іс-шара Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шынғысбаеваның және «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары София Айсағалиеваның, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетовтің, сондай-ақ аурухана дәрігерлері мен өңір жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен өтті.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Halcyon» желілік үдеткіші (Varian Medical Systems, АҚШ), сондай-ақ SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы және оларға қосымша жабдықтар сатып алынып, пайдалануға берілді. «Halcyon» сызықтық үдеткіші онкологиялық ауруларды дәлме-дәл және тиімді емдеуге арналған. Ол сау тіндерге әсерді барынша азайта отырып, жоғары сәулелену жылдамдығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ пациенттерге емшараларды ең жоғары жайлылықпен жасауға мүмкіндік береді.

SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы сәулелік терапияны дәл жоспарлау үшін ісіктерді егжей-тегжейлі көзбен шолуға мүмкіндік береді; кескіннің жоғары сапасын сақтай отырып, сәулелену дозасын барынша азайтады және емшараны ағзаның табиғи физиологиялық процестерін (тыныс алу, жүрек соғуы) ескере отырып жүргізуге мүмкіндік береді; сәтті емдеу мүмкіндігін арттыра отырып, сәулелік терапияның ең күрделі әдістемелерін жоспарлау процесін жеделдетеді.

«Бұл жоғары технологиялық жабдықты іске қосу – Қарағанды облысының онкологиялық қызметін дамытудағы маңызды қадам. Біз өңір тұрғындарының сапалы және қазіргі заманғы медициналық, оның ішінде онкологиялық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге тырысамыз. Жаңа аппараттар қалада да, ауылдық жерлерде де онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін арттыра отырып, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесетініне сенімдімін. Бұл, сондай-ақ қатерлі ісікті ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік беріп, толық сауығу мүмкіндігін арттырады. Бүгінде біздің жабдық Қазақстанның бес өңірінде орнатылған», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.

Жеткізілген медициналық жабдықты сатып алудың жалпы сомасы 2 650,411 млн теңгені құрады. Жабдық қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеуді жетілдіреді, пациенттерге әртүрлі оқшаулаудағы ісіктерді емдеуде медициналық онкологиялық көмек көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді.

 «Өткен жылы біз еуропалық стандарттарға сай келетін химиотерапиялық орталық аштық. Онкологиялық қызметті жабдықтау одан әрі жалғасуда. «Қазақстан халқына» қоры арқылы өте жоғары деңгейдегі жабдықтар алынды. Біздің облыстың ғана емес, көрші Ұлытау облысының тұрғындарына да көмек көрсетілуде. 400-ге жуық адам жаңа аппаратта сәулелік терапия курсынан өтті. 600-ден астам адам компьютерлік томографтан тексерілді. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Біз «Қазақстан халқымен» тығыз байланыстамыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл қор ел Президентінің бастамасымен құрылған және біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

№ 3 көпсалалы аурухананың директоры Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, жылына 1000-ға дейін пациент сәулелік терапия ала алады. Алдыңғы қатарлы әдістеме жанама әсерлерді азайтуға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.

«Жабдықтар моральдық жағынан ескірген, физикалық жағынан тозған. Емделушілер сапалы көмек алу үшін шетелге кетеді. Ал қазір біз Еуропа, Америка клиникаларында тұрған аппараттарға ие болып отырмыз. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Гамаль Тоқсамбаев.

«Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық жобасында мынадай 5 өңірді жоғары технологиялық қазіргі заманғы онкологиялық жабдықпен қамтамасыз ету көзделген: «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ (Алматы қ.), «Көпсалалы медициналық орталық» ШЖҚ МКК (Астана қ.), «Ядролық медицина және онкология орталығы» ШЖҚ КМК (Семей қ.), «Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ КМК, «Көпсалалы облыстық аурухана» ШЖҚ КМК (Петропавл қ.). Жобаны қаржыландыру «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бөлген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде алғаш рет анықталған және қайталанған онкологиялық науқастарды стандартты және жоғары технологиялық сәулелік терапиямен қамту ұлғайтылады. Қазіргі заманғы сызықтық электронды үдеткіштер ісікке қарсы емдеудің тиімділігін арттырады және сол арқылы пациенттердің 5 жылдық өміршеңдік көрсеткішін жақсартады.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.