2025 жылғы 14 ақпанда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және онкологиялық қызметті дамыту шеңберінде Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» ШЖҚ КМК-да жаңа медициналық қондырғылардың салтанатты іске қосылуы өтті. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы (Siemens Healthcare GmbH, Германия) және TrueBeam сәулелік терапия жүйесі (Varian Medical Systems, АҚШ) пайдалануға берілді.
Іс-шара облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шынғысбаеваның, сондай-ақ орталық дәрігерлері мен өңір жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен өтті.
«Қазақстан халқына» қоры 3 090 825 178 теңге сомасына жабдық сатып алуды қаржыландырды. Сондай-ақ, орнатылған және қолданыстағы сызықтық үдеткіштерді интеграциялау аясында қолданыстағы сызықтық үдеткіш жаңартылды (апгрейд), ол терапияда мүмкіндіктерді кеңейтуді қамтамасыз етеді.
«Бұл жоғары технологиялық жабдықты іске қосу – Қазақстанның онкологиялық қызметін дамытудағы маңызды қадам. Біз әрбір азаматтың сапалы және қазіргі заманғы медициналық, соның ішінде онкологиялық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл аппаратар көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға және қалалар мен ауылдарда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін арттыруға көмектеседі деген сенімдімін. Бұл сонымен қатар қатерлі ісік ауруынан толық сауығу мүмкіндігін арттыра отырып, оны ерте кезеңдерде анықтауға көмектеседі. Бүгінде біздің Қор осындай жабдықты Қазақстанның 5 өңіріне жеткізді», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.
Медицинаның дамуының арқасында сау тіндерге барынша аз әсер ете отырып, онкологиялық ауруларды неғұрлым дәлірек диагностикалау және тиімді емдеу мүмкін болды. Мәселен, SOMATOM go.Sim компьютерлік томографы сәулелік терапияны дәлме-дәл жоспарлау үшін ісіктерді егжей-тегжейлі көзбен шолуға мүмкіндік береді; кескіннің жоғары сапасын сақтай отырып, сәулелену дозасын мейлінше азайтады және емшараны ағзаның табиғи физиологиялық процестерін (тыныс алу, жүрек соғуы) ескере отырып жүргізуге мүмкіндік береді; сәтті емдеу мүмкіндігін арттыра отырып, сәулелік терапияның ең күрделі әдістемелерін жоспарлау процесін жеделдетеді.
TrueBeam сәулелік терапия жүйесі тек қатерлі жасушаларға әсер ете отырып сәулеленудің инновациялық әдістерін қолдануға және серпінді қадағалау технологиясының арқасында ең күрделі және қозғалмалы ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ сеанстардың ұзақтығын қысқартады, жайлылықты арттырып, пациенттердің өмір сүру сапасын бұзбайды.
«Бүгінгі таңда іске қосылып отырған жабдық тек қазіргі заманғы және жоғары дәлдіктегі техника ғана емес, бұл баға жетпес адам өмірін, азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға жасалған тағы бір қадам. Ол дәл диагноз қоюға, емдеуді жоспарлауға және сәулелік терапияның салдарын азайтуға мүмкіндік береді. Орталықтың жоғары білікті персоналының арқасында бұл жабдық игі іске қызмет ететін болады. ҚазОжРҒЗИ мен «Қазақстан халқына» қорын қоса алғанда, әріптестерімізге алғыс білдіремін. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында біз азаматтарымыздың игілігі үшін биік белестерді еңсере алатынымызға сенімдімін», - деді «Ядролық медицина және онкология орталығының» бас дәрігері Саят Таңатаров.
Қайырымдылық жобасында келесі 5 өңірді жоғары технологиялық қазіргі заманғы онкологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделгенін атап өткіміз келеді: «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ (Алматы қ.), «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ МКК (Астана қ.), «Ядролық медицина және онкология орталығы» ШЖҚ КМК (Семей қ.), «Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ КМК, «Көпсалалы облыстық аурухана» ШЖҚ КМК (Петропавл қ.). Жоба «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бөлген қаражат есебінен қаржыландырылады.