«Қазақстан халқына» қоры Қазақстан өңірлерінде спорт объектілерін құру жобаларын қоса алғанда, ауылдар мен моноқалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмысты жалғастырып келеді.
12 ақпанда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Досбол Датқа ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың, сондай-ақ жергілікті жұртшылық өкілдерінің қатысуымен ангар түріндегі жылдам тұрғызылатын модульдік спорт залы салтанатты түрде ашылды.
Жобаның негізгі мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарды қоса алғанда, ауыл балалары мен жастарын жеке және командалық спорт түрлерімен белсенді шұғылдануға тарту үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау.
Бұрын мұндай залдар «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық жобасы аясында ашылған болатын және Қостанай облысында, Жетісу және Абай облыстарында 4 спорт залы жұмыс істеп тұр. Спорт залдарының ашылуы дене белсенділігін нығайтуға және ауылдық жерлерде спортты дамытуға ықпал етеді.
Жаңа зал душ кабиналары мен шкафтары бар киім ауыстыратын бөлмелермен жабдықталған, бұл спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасайды. Жобаның құны техникалық қадағалауды қоса алғанда, 175 миллион теңгені құрады. Жабық, жылытылатын үй-жайда жылдың кез келген мезгілінде жаттығуға болады. Залдың ауданы — 1 320 ш. м.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, оны азаматтардың денсаулығын және амандығын нығайтумен байланыстырды. Бүгін біз жастар көптеп келетін орталыққа айналатын, спортқа деген сүйіспеншілікті арттыруға және белсенді өмір салтын ұстануға көмектесетін бесінші модульдік спорт залын ашып отырмыз. Бұл нысан Досбол Датқа ауылы мен Шиелі ауданының дамуына елеулі үлес қосатынына және оның тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», - деді «Қазақстан халқына» қорының Төрағасы Ләззат Шыңғысбаева салтанатты іс-шарада.
Жоба жергілікті атқарушы органдармен және жекеше әріптестермен бірлесіп іске асырылды. Сыртқы инженерлік желілерді жүргізуді қоса алғанда, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету ЖАО қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Бұл жобаның ерекшелігі «Қазақстан халқына» қоры арқылы жоба доноры атанған «Саутс-Ойл» компаниясы тарапынан қолдау табуында. Жаңа спорт залының арқасында ауыл тұрғындары спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады.
Осы қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қоры 7 өңірде ангар түріндегі 13 спорт залын орнатуды қамтамасыз етеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 8 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қайырымдылық жобалары Қазақстанның 7 облысын: Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Қызылорда облыстарын, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарын қамтиды.