Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының бастамасымен олар Қордың кеңсесінде болды. Өтініштерді қарау барысымен және Қор қызметімен танысу мақсатында Парламент өкілдерінен құралған жұмыс тобына экскурсия өткізілді.
Жиын барысында басқарма төрағасы Болат Жәмішев атқарылған жұмыстар, көрсетілген көмектердің бағыттары мен көлемі туралы есеп берді. Сондай-ақ, қор төрағасы Болат Жәмішев ағымдағы жобалардың жүзеге асырылуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарларға тоқталып, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Отырыста түрлі салаларда қайырымдылық көмек көрсету мүмкіндіктерін заңнамалық деңгейде кеңейту жөнінде бірқатар мәселелер көтерілді.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы атынан «Қазақстан халқына» қорының қызметіне қолдау көрсетуге ниетті екенін айтып, қор басшылығына ынтымақтастық, ашықтық пен жауапкершілікпен жұмыс жасағаны үшін алғысын білдірді.
Кездесу нәтижесінде алдағы уақытта ынтымақтастық туралы шешім қабылданды.