Бүгін Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға 60 жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Лаззат Шынқысбаева қатысты.
22 мамырда Атырау облысының әкімдігімен қол қойылған меморандум аясында «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 80 үйдің құрылысын қаржыландырады. Бүгінде «Болашақ» шағын ауданында жаз бойы салынған үйлер жаңа иелерін тапты, бұл табиғи апаттан кейінгі өңірді қалпына келтірудің маңызды кезеңі.
«Біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, үлкен сынақты абыроймен еңсердік. Осы қуанышты сәтті пайдалана отырып, жерлестеріме, су тасқынының салдарын жоюға белсене атсалысқан барша жандарға алғысымды білдіремін. Жаңа үйлеріңіз бақыт пен берекеге толы болсын. Әр шаңырақта әрқашан қуаныш орнасын!» – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
«Бұл үйлер қиын кезеңдерді бастан өткерген азаматтарымыз үшін жаңарудың, жаңа өмірдің бастауына айналды. Бүкіл елмен, донорлармен және тұрғындармен бірге жаңа үйлерді тез салып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге көмектескенімізді мақтан тұтамыз», - деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева.
“Автодорожный” ықшам аудандағы үйіміз суға кетіп, өкінішті жағдай орын алды. Әрине, ол жағдай елді есеңгіретті. Әйтсе де, әкімшілік нақты әрекетке көшіп, әдемі үйлер салып берді. Жаңа үйге немерелеріммен, бала-келініммен көшіп келемін. Бұл ретте “Қазақстан халқына” қоғамдық қорына тұрғындардың атынан, отбасымның атынан алғыс білдіремін. Еңбектеріне табыс, істеріне береке тілейміз, - деді Құлсары қаласының тұрғыны Күләш Малдыбаева.
Стандартты жобаға сәйкес, үйдің ауданы 100 шаршы метр, жайлы, өзі жылытылатын едендер төселіп, іші тазартылып, қасбеті әрленген. Үйге іргелес аумақ абаттандырылған, ең бастысы, жергілікті атқарушы органдар қажетті инфрақұрылым мен коммуникацияларды: жол, су, газ және жарықпен қамтамасыз етті.
«Қазақстан халқына» ҚҚ Құлсары қаласындағы 80 үйдің құрылысын қаржыландыруға 3,2 млрд теңге бөлді. Типтік жоба бойынша сәулет-техникалық қадағалауды есепке алғанда бір үйдің құны 29,5 млн теңгені құрайды.
Жалпы, су тасқынының зардаптарын жою аясында «Қазақстан халқына» ҚҚ тұрғын үй құрылысына 16,5 млрд теңге бөлді. Бұл төтенше жағдай кезінде баспанасынан айырылған 627 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.