Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған алғашқы 15 үйдің құрылысы аяқталды. Ақмола облысында су тасқыны салдарын қалпына келтіру шеңберінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Пригородное, Иванковка, Капитоновка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарында барлығы 3,4 млрд теңге сомасына 144 үй салынады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен бірге жұмыс сапары барысында Иванковка және Вознесенка ауылдарындағы құрылыс барысын тексерді.
Бұланды ауданының Капитоновка ауылында «Қазақстан халқына» қорының қаражатына салынған 15 жаңа үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев ауыл тұрғындарын қоныс тойымен құттықтады.
«Бүгін барлығымыз үшін қуанышты оқиға. Міне, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйдің кілттерін табыстадық. Соңғы 8 жылда Бұланды ауданында Төтенше жағдай жарияланбаған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметкерлер, еріктілер және жергілікті тұрғындармен бірге тілсіз жаумен күрестік. Қазіргі таңда облыс көлемінде де, аудан көлемінде де су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 11 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. 112 жанұяның мүлкі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 115 отбасыға мүліктік залал үшін өтемақы төленді. Ал, бүгін Капитовка ауылына қарасты 15 отбасы қоныс тойын тойламақ. Жақын арада Вознесенка, Иванковка және Журавлевка ауылдарында тағы 100 үйдің құрылысы аяқталады», - деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, ауданы 80 шаршы метр типтік үйлердің құрылысы Қор мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін бастау алды. Жаңа үйлер салу үшін бес ауылдың әрқайсысында су басуға бейім емес аймақтарда жер учаскелері бөлінді, қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу қамтамасыз етілді. Орындалатын құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылауды әрі қадағалауды облыс әкімдігі жергілікті қоғамдық белсенділермен бірлесіп жүзеге асырды.
Үйлер қабырғалары оқшауланған және кірпішпен қапталған газ блоктарынан қаланды. Әрбір құрылысқа іргелес жер учаскесінің ауданы 10 жүздік (1000 м²). Барлық үйлер абаттандырылып, сумен, кәріз, электрмен жабдықтау желілері тартылды.
«Біздің меценаттарымыздың көмегі мен Ақмола облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында облыста Жарқайың және Бұланды аудандарында 144 үй салынады. «Қазақстан халқына» қорының қатысуымен еліміздің 5 өңірінде су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 627 үй салынатынын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 403 отбасы қоныс тойын атап өтті. Енді Капитоновка тұрғындары жаңа баспаналарына кіріп жатыр. Бұл үйлер – барлық қазақстандықтарды біріктірген қолдау мен қамқорлықтың нәтижесі», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Ауыл тұрғыны Гүлнар Калиулина су тасқыны кезінде баспанасынан айрылып, бүгін қуаныштың көз жасын жасыра алмады.
«Бұл ауылда мен шамамен 45 жыл тұрамын. Көктемде бізді су басты. Қазір Президентіміздің арқасында бізге жаңа үйлер салынып берілді. Мен өте ризамын және бүгін баспана алған барлық тұрғындар үшін өте қуаныштымын», - деп бөлісті Г.Калиулина.