"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының "Qh Жаздық жолдама - 2024" қайырымдылық жобасы аясында бүгін Қазақстанның барлық аудандарында ауыл мектептерінің директорларына 5-8 сынып оқушыларының жазғы демалысына арналған сертификаттар табысталды. Салтанатты іс-шаралар Наурыз мейрамының жаңа дәстүрлерін құру және оның мазмұнын идеологиялық және әлеуметтік сипаттағы нақты іс-шаралармен толықтыру мақсатында 14-23 наурыз аралығындағы “Наурызнама”мерекесінің "Қайырымдылық" күні аясында өтті.
10 мен 14 жас аралығындағы ауылдық мектептер оқушыларының жазғы демалысына арналған жолдамаларды оқуда, спортта, шығармашылықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, мектеп өміріне белсенді қатысатын, сондай-ақ аз қамтылған, көп балалы, әлеуметтік осал топтардағы отбасылар санатындағы 20 000 бала алады.
Көркем өнерпаздар қатысқан салтанатты жиындар 2 860 ауылдық мектепте өтті. Сонымен қатар, ауылдық округтер мен аудандар әкімдіктері 1 046 іс-шараны ұйымдастырды.
Жақсылық марафоны 3 876 ауылдық мектепте өткізілді. Іс-шара балалардың өздерін, олардың ата-аналарын, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, жалпы жұртшылықты қуантпай қоймады.
"Біз мереке қарсаңында жолдамаларды бөліп, "Наурызнама" аясында әр аудандағы мектептердің оқушыларына демалысқа арналған сертификаттарды табыстауды шештік. Біз мұндай іс - шаралар өскелең ұрпақ арасында Наурыз мейрамының орнықты құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ қайырымдылық идеяларын насихаттауға ықпал етеді деп сенеміз", - деп түсіндірді "Қазақстан халқына" қоры Басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Чинкисбаева.
ҚР Білім министрлігі жобаның серіктесі атанды. Ол демалыс бағдарламасын, критерийлерін анықтап, іріктеуді жүзеге асырады, мердігерлер көрсететін қызметтің сапасын бақылайды. Ауылдық мектептер өңірлердің білім басқармаларымен бірлесіп, оқушылар арасында іріктеу өткізіп, жазғы демалысқа жолдамаларды бөлуді қамтамасыз етеді.
"Qh Жаздық жолдама - 2024" қайырымдылық жобасының бюджеті 2.1 млрд теңгені құрайды. Жоба тек ауылдық жерлерде оқитын балалар мен жасөспірімдерді ғана қолдауға бағытталған. Жоба өскелең ұрпақтың патриоттық сезімі мен оқуға деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың көпмәдениетті ортада қарым-қатынас пен өмірлік қажетті дағдыларые нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол оқушылардың кәсіптік бағдары мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің тағы да бір құралына айналмақ.