«Қазақстан халқына» қорының 2023 жылдың І жартыжылдығындағы қызметі туралы есебі бекітілді

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда бірқатар шешімдер қабылданды.

1. 2023 жылдың І жартыжылдығындағы «Қазақстан халқына» ҚҚ қызметі туралы есеп бекітілді.

І жартыжылдықта Қордың жоғары басқару органы – Қамқоршылық кеңес жалпы сомасы 55 млрд теңге болатын 12 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын бекітті, Қордың «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға» қатысуы мақұлданды, 2023 жылға арналған ішкі аудит жоспары бекітілді, «Эрнст энд Янг Казахстан» ЖШС аудиторлық ұйымымен аудиттелген Қордың 2022 жылғы жылдық қаржылық есептілігі, Қордың 2022 жылғы жылдық есебі бекітілді, қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың мониторингі бойынша есептер қаралды.

Қордың атқарушы органы – Басқарма 31 отырыс өткізді, онда 145 мәселе қаралды.

Қордың atamekenім.kz цифрлық платформасына азаматтардан 1135 жаңа өтінім мен өтініш келіп түсті, оның 1132 - сі қаралды. «Documentolog» ЭҚЖ бойынша Қорда азаматтардан түскен 1126 хат қаралды. Барлығы 3466 өтінім мен азаматтардың өтініштері қаралды. 2022 жылдағыдай өтініш берушілердің көпшілігі денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салалары бойынша Қордың қолданыстағы бағдарламалары мен жобалары аясында көмек сұрап жүгінді.

Есепті кезеңде Қорға 23,4 млрд теңге, оның ішінде жеке тұлға В. В. Анисимовтан 22,3 млрд теңге, «Сәтті Жұлдыз» АҚ-дан 1,05 млрд теңге, жеке тұлғалардан 12,2 млн теңге түсті.

Қор 24,6 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.

Денсаулық сақтау саласында 43,6 млрд теңге сомасына қайырымдылық бағдарламалар бекітіліп, іске асырылуда: шалғай өңірлерде жылжымалы медициналық кешендерді құру жөніндегі «QH - Денсаулық жолы» бағдарламасы,  онкологиялық медициналық орталықтарды жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі «QH-жабдықпен жарақтандыру бөлігінде онкологиялық қызметті дамыту» бағдарлама, «QH балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту» бағдарламасы, онкологиялық аурулары бар азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуді қаржыландыру.

Бұдан басқа, есепті кезеңде осыған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде Қор 173 пациентті дәрілік заттармен қамтамасыз етті, оның ішінде сирек (орфандық) ауыр өмірге қауіп төндіретін және созылмалы аурулары бар – 167 пациент, оның 143–і балалар. 8 пациент елімізде көрсетілмейтін медициналық көмек алуы үшін шетелге жіберілді. Шымкент, Өскемен, Атырау қалаларында ерте араласу орталықтары ашылды. Еліміздің 13 өңіріндегі 28 медициналық ұйымға шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтарды жеткізу аяқталды.

С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында 12 науқасқа қасаң қабық трансплантацияланды.

Қор қолдауымен денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет атқаратын генетиктар, ультрадыбыстық диагностика мамандары, онкологтар,  гематологтар шетелдік мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сыныптарына қатысты.

Әлеуметтік қолдау және оңалту саласында 6,03 млрд теңге сомасына оңалту орталықтарын жарақтандыру жөніндегі «QH - Оңалту орталықтары» бағдарламасы, аудандарында оңалту орталықтарын құру жөніндегі «QH Аудандық оңалту орталықтары» бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда.

Осыған дейін қабылданған қайырымдылық бағдарламалары аясында Шымкент, Павлодар, Талдықорған және Өскемен қалаларында аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтар ашылды.

Білім беру саласында Қамқоршылық кеңес 22,2 млрд теңге сомасына келесідей қайырымдылық бағдарламаларын бекітіп, іске асыруда: өңірлік жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ тілінде контентті құру және аудару жөніндегі «Coursera» - қазақ тілінде» бағдарламасы, лагерьлерде балаларды тегін демалыспен қамтамасыз ету жайлы «QH Жаздық жолдама» жобасы, «QH Ақтөбе облысының шағын жинақталған ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» және «Ауылдық жерлерде 63 тірек мектептің әлеуетін дамыту» бағдарламасы.

Қордың іске асырып жатқан қайырымдылық бағдарламаларын таныту және талқылау, тиімді бастамаларды айқындау, Қазақстанның білім беру жүйесін одан әрі дамытуды қарастыру мақсатында 17 мамырда 850 адамның қатысуымен «Білімді ұрпақ – білімді ел» білім беру саласындағы конференция өткізілді. Конференция аясында пленарлық және панельдік отырыстар өткізіліп, Қордың білім беру жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Қордың Қамқоршылық кеңесі қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары мен жараланған балаларға жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік оқу мекемелерінде бакалавриат бағдарламалары бойынша оқыту мерзімі 4 жылды құрайтын, бір оқу жылының ақысы 1 млн теңге болатын көлемдегі білім беру гранттарын тағайындау туралы шешім қабылдады.

Осыған дейін қабылданған бағдарламалар аясында 9 тірек мектептің таныстырылымы (өткен жылы 8 тірек мектеп ашылды), 187 аудандық мектепте робототехника кабинеттерінің таныстырылымы өтті, сондай-ақ, есту, көру, тірек-қимыл аппараты, зияткерлік кемістігі бар балаларға арналған 31 арнайы мектепті жарақтандыру аяқталды. Жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан талапкерлерге берілетін «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» бағдарламасы бойынша гранттар саны 850 көлемінде айқындалды.

Спорт саласында есепті кезеңде Қамқоршылық кеңес 14 млрд теңге сомаға «Ауылдық жерлерде, моно- және шағын қалаларда жылдам салынатын модульдік спорт залдарын орнату арқылы спорттық инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасын бекітті. Осыған дейін қабылданған бағдарлама шеңберінде Қор спортшыларды пара-жеңіл атлетикаға дайындау және қатысу үшін 11 спорттық-жүгіру протездерін дайындауды қаржыландырды, пара-спортшылардың паралимпиадалық командасы құрылды.

2023 жылдың І жартыжылдығында төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету аясында Қор қайғылы қаңтар оқиғалары барысында зардап шеккен 125 адамға жалпы сомасы 385 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Абай облысында өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 127 млн теңге, Петропавл қаласында өрттен зардап шеккендерге 9 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Қостанай облысында өрт салдарынан жанып кеткен лагерьді қалпына келтіру үшін Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылдық округінде 268 850 000 теңге сомасына балалар жазғы лагерін салуға «MyEcoHouse» ЖШС-мен шарт жасалды.

2. «Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасына өзгерістер енгізілді. Жобада еліміздің 8 өңірінде: Жетісу, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларында 8 орталық ашу көзделген. Бүгінгі таңда Шымкент, Павлодар облыстары, ШҚО және Жетісу облыстарында 4 орталық ашылып, жұмыс істейді. Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында жөндеу жұмыстарын жүргізу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орталықтардың ашылуы 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігі ғимаратты сатып алуға қаражаттың жеткіліксіз бөлінуіне байланысты қолайлы ғимаратты әлі анықтаған жоқ. Осыған байланысты ашылуы тиіс орталық Алматы қаласынан Маңғыстау облысына ауыстырылды. Маңғыстау облысында орталықты ашудың зор қажеттілігі бар, сондай-ақ облыс әкімдігі өңірде орталық ашуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл өзгерістер жалпы бюджетке және жобаны іске асыру мерзіміне әсер етпейді.

3. «Психоневрологиялық аурулары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған «Ақ жол-М» оңалту орталығын жарақтандыру» қайырымдылық жобасына өзгерістер енгізілді. Қордың Қамқоршылық кеңесінің бекітілген бюджет шеңберінде заманауи техникалық оңалту құралдарын қолдануды қарау туралы тапсырмасын орындау бойынша Қордың бастамасымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ақ жол-М» оңалту орталығы үшін жабдықтар тізбесін қайта қарау жөніндегі жұмыс тобын құрды. Жабдықтар тізімін қайта қарау бойынша жұмыс тобының бірнеше отырысы өткізілді, онда кейбір жабдық түрін алып тастау және бірқатар басқа жабдықтарды қосу ұсынылды. Жұмыстардың ұзақ мерзімге созылуына байланысты жобаға іске асыру мерзімін 2023 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту бөлігінде өзгерістер енгізілді.

4. 8 өңір бойынша «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасын іске асырудың екінші кезеңі бекітілді. Жоба шалғай аудандарда оңалту орталықтарының қолжетімді желісін кеңейтуге бағытталған. Орталықтар заманауи жабдықтармен жабдықталады, мамандар оңалту жүргізудің тиімді әдістері бойынша оқытудан өтеді.

Бірінші кезең аясында жергілікті атқарушы органдар оңалту орталықтарына арналған ғимаратты белгіледі. Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы 8 аудандық оңалту орталығы жұмыс істеп тұрған мемлекеттік медициналық ұйымдардың құрамында болады. Бірінші кезеңнің аяқталуына байланысты Қамқоршылық кеңес қайырымдылық жобасын іске асырудың екінші кезеңіне көшуді бекітті. Қордың жалпы сомасы 1 929 694 480 теңгеге 8 оңалту орталығын жарақтандырады.

5. Адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, зейнеткерлерге, I және II топтағы мүгедектерге және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетуге бағытталған «QH Шапағат Орал» қайырымдылық жобасы бекітілді. Жоба аясында Қор Батыс Қазақстан облысының «Орал арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-не физиотерапия кабинеттерін заманауи инновациялық жабдықтармен жарақтандыру және мүгедек адамдарды ыңғайлы тасымалдау үшін арнайы көтергішпен жабдықталған автомобиль сатып алу бөлігінде қайырымдылық көмек көрсетеді. Жобаның жалпы сомасы 38 152 140 теңге (физиотерапияға арналған жабдық – 12 152 140 теңге; арнайы көтергішпен жабдықталған автомобиль – 26 000 000 теңге). Орталықтың қамқорлығында 532 адам бар.

6. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы жаңа редакцияда бекітілді. Мәселенің ауқымдылығы мен жүйелілігін ескере отырып, Қамқоршылық кеңес мүгедек және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 13 961 ата-ананы біріктіретін «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» (Союз Родителей Особенных Детей) республикалық қоғамдық бірлестігінің «мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан азаматтар» санатын Бағдарлама қатысушылар санатына қосу туралы ұсынысын қолдады. Бірлестіктің дерегі бойынша мемлекет гранттарын квоталау жүйесі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларының қолжетімділігін толығымен қамтымайды. Бұл ретте бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедек адамдарға арналған квота бөлінген гранттардың жалпы көлемінің 1% ғана құрайды. Қордың талапкерлер бағдарламасы шеңберінде «мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы» санаты жоқ. Бұл санат студенттер үшін қарастырылған. Бұдан басқа, ұсынылған сауалнама қорытындысы бойынша 1015 ата-ананың едәуір бөлігі мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған бір отбасындағы туған бауырлары үшін гранттар ұсыну қажеттігін көрсетті.

Осылайша өзгерістерге сәйкес Қордың білім беру гранттары жөніндегі бағдарламасы грантқа үміткерлердің 7 санатын қамтитын болады:

1) ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;

2) жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

3) мүгедектігі бар;

4) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

5) 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;

6) 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде жараланған балалар;

7) төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары. Сонымен қатар, бағдарламаның жаңа редакциясында құжат құрылымдық жағынан қайта қаралып, қолданыстағы редакцияның барлық маңызды ережелері сақталды.

7. Қамқоршылық кеңес Қордың есеп саясатына толықтырулар енгізді.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.