12 маусымда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысында төтенше жағдай кезінде қолдау көрсету аясында және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абай облысындағы төтенше жағдайда қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқандардың отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
«Қазақстан халқына» қоры қаза тапқандардың туыстарына қайғыра көңіл айта отырып, Қор зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсететінін атап өтті.
«Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының қайтыс болған 14 қызметкерінің отбасыларына 7 млн теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, марқұмдардың отбасыларындағы кәмелетке толмаған балалар үшін 2 млн теңгеден бөлінеді.
Сонымен қатар, Қор қаза тапқандардың балаларын білім беру гранттарымен қамтамасыз етеді. 18 жасқа толмаған балаларға Эндаумент қорында арнайы шот ашылады, онда болашақ грант үшін әр балаға 4 млн теңгеге дейін жинақталады.
Еске салған жөн, 2022 жылдың тамыз айында Қамқоршылық кеңестің шешімімен «Қазақстан халқына» қоры су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасыларды қолдау мақсатында БҚО-ның Шалғын және Жақсыбай ауылдарында 30 тұрғын үй салу үшін 771 934 983,68 теңге бөлді. Тұрғындар үйлерге 2022 жылы қоныстанды. Қазан айында Қостанай облысында өрт кезінде зардап шеккендердің үйлерін жайластыру үшін Қор жергілікті атқарушы органнан тұрғын үй алған отбасыларға жалпы сомасы 174 млн теңге болатын көмек көрсетті. Сондай-ақ, Әулиекөл ауданында өртенген «Достық» балалар спорттық-сауықтыру лагерінің орнына 150 орындық жаңа балалар спорттық-сауықтыру лагерін салуға қаражат бағытталады.