«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қазақстанның үш өңірінде бес оңалту орталығы ашылды. Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Атырауда ерте араласу орталығы, Талдықорған мен Өскеменде ерте араласу орталықтары мен аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтары іске қосылды. Осыған аталмыш үш орталық Шымкент пен Павлодарда ашылған. Жалпы Қор қолдауымен бүгінде 8 реабилитациялық орталық құрылды. Орталықтар жұмыс істеп тұрған мемлекеттік мекемелердің құрамында жұмыс істейді.
Ерте араласу орталықтары медициналық, әлеуметтік және педагогикалық сынды үш бағытта жұмыс істейді. Әр орталықта жыл сайын 3 айдан 3 жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық бұзылулары бар және олардың туындау қаупі бар 600 бала кешенді оңалту көмегін алады.
Орталықтың жұмыс моделі бойынша әр балаға жеке оңалту жоспары құрылады. Оны жүзеге асыруға дәрігер-невропатологтар, дәрігер-реабилитологтар мен педиатрлар, емдік дене шынықтыру (ЕДШ) нұсқаушылары, кәсіптік терапевттер, логопедтер сияқты мамандардың көпсалалы тобы қатысады. Механотерапия залы мен ЕДШ, сенсорлық бөлме, иммерсионды ваннасы, шунгит және тұз бөлмелері жабдықталған, сондай-ақ дамудың ерте кезеңдерінде бұзылуларды анықтауға және оңалту бағытын әзірлеуге мүмкіндік беретін есту мен миды зерттеуге арналған диагностикалық жабдық орнатылған.
«Жас балалардың диагнозы анықталмаса да, дамуының кешігуі байқалғанда, мүмкіндігінше денсаулықтың нашарлауын болдырмау үшін ертерек алғашқы қадамдарды жасау өте маңызды. Ерте жастағы ми мен жүйке жүйесінің таңғажайып икемділігінің арқасында арнайы оңалтудың көмегімен болашақта ауыр мүгедектікке шалдықпауға немесе оның ықтималдығын едәуір төмендетуге болады. Сондықтан ерте араласу орталықтары ерте көмек көрсетуді қолжетімді ету үшін құрылып отыр», – деді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.
Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтарда әр түрлі мамандар топтастырылған, олар әр баламен қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Орталықтар моделінің тұжырымдамасын жасауға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған сарапшылар қатысып, үш жетекші американдық аутизм орталықтарының жұмыс тәжірибесі назарға алынды.
Әр орталықта жыл сайын 125 балаға көмек көрсетіледі. Баланы дамыту бағдарламасы аясында АВА-терапия, дефектологпен, логопедпен, психологпен, кәсіптік терапевтпен, ЕДШ нұсқаушысымен сабақтар қамтылады, сондай-ақ кәсіптік терапия, бейімделу және ЕДШ, еңбек терапиясы, арттерапия, робототерапия және робототехника, қыш жасау ісі, ата-аналармен жұмыс, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар қарастырылған.
«Биыл сәуір айында серіктестерімізбен бірге Шымкент пен Павлодарда орталықтар аштық. Жоспарымызда 13 ерте араласу орталығы және аутизмі бар балаларға арналған 8 орталық ашу бар. Бұл ретте кешенді оңалту көмегін қамту үшін «Оңалту орталықтары» жобасын іске қосып, 6 өңірде 6 оңалту орталығын құрамыз. «Ақжол-М» оңалту орталығымен жарақтандыру бойынша тағы бір жобаны іске асырудамыз. Орталық Алматы облысында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын болады», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Ерте араласу орталықтарын және аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды ашу жөніндегі жобалардың бастамашысы – «Қамқорлық қоры» балалармен жұмыс істеу мақсатында аутизмі және басқа да менталды бұзылыстары балаларды оңалту саласындағы мамандарды отандық және шетелдік сарапшылардың курстары, тренингтері, көшпелі семинарларды қамтитын арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқытып, даярлады. «Қазақстан халқына» қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры орталықтардың материалдық-техникалық жабдықталуын қаржыландырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобаны іске асыру мәселелерінде өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының жұмысын үйлестіреді. Әкімдіктер инфрақұрылымды іріктеу, орталықтарды жөндеуді қаржыландыру, орталықтарда жұмыс істеу үшін кадрларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізуде.