«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Алматы қаласының 12 жастағы тұрғыны Жасұлан Саттарқұлды инновациялық протезбен қамтамасыз етті.
2019 жылы баланы жаяу жүргіншілер өткелінде қызыл бағдаршамға өтіп кеткен КамАЗ жүргізушісі қағып кетті. Анасы Толқынай Бектенованың айтуынша, дәрігерлер 3 ай бойы оның өмірі мен аяғын аман сақтап қалу үшін күрескен. Бірақ ауыр жарақат салдарынан Жасұлан сол аяғынан айырылды.
Жақында балаға жеке параметрлер бойынша жаңа протез жасалды.
«Біз «Қазақстан халқына» қоры балаларды заманауи протездермен қамтамасыз ететіні туралы естігенбіз. Сондықтан, осы жылдың басында өтінім беріп, оң жауап алдық. Өзінің киіп жүрген протезіне үш жыл болды, қатты ескірді. Бала болған соң жасы мен денесі өседі, сондықтан протезі кішкентай болып қалды. Алдымен өлшемдер алынды, сосын протезді сынап көрдік. Міне қазір заманауи, өте жеңіл және берік протезге қол жеткіздік. Жаңа протезбен балам өзіне одан ары сенімд, мықты бола түсті», – деді Толқынай Бектенова.
Жасұлан көпбалалы отбасынан шыққан. Жазатайым жағдайға дейін ол бокспен және жүзумен айналысты. Ампутациядан кейін спортпен шұғылдануды жалғастырды. Жақында пара-жүзуден жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионатта екінші орынға ие болып, осылайша спорт шеберіне үміткер атағын қорғады. Болашақта жүзуден Параолимпиада чемпионы болуды армандайды.
Жаңа протез баланың сенімді қозғалуына, еркін түрде мектепке, үйірмелерге баруына, жүгіруі мен демалу мүмкіндік береді. Протездік корпус көміртектен жасалған, ішінде жұмсақ пластик бар, сонымен қатар жиынтықта көміртекті табан және гидравликалық тізе модулі бар, барлық компоненттер ылғалға төзімді.
«Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен өткен жылдан бері 78 балаға және 29 жасқа дейінгі жастарға жалпы сомасы 784,8 млн теңге болатын инновациялық протездер берілді. Протездерді дайындаумен Қордың серіктестері – «Medicare International» және «Фармас отандық протездік-ортопедиялық компаниялары айналысады.