2023 жылғы 3 сәуірдегі «Қазақстан халқына» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің кезекті бетпе-бет отырысында мынадай шешімдер қабылданды:
1. «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтандырылған құралдармен (экзоскелеттермен) қамтамасыз ету» қайырымдылық бағдарламасын іске асыру мерзімі 2023 жылға ұзартылды.
2. Осы жылдың 1 тоқсанындағы ішкі аудитордың 2 аудиторлық іс–шарасы – Қордың донорлары мен стратегиялық әріптестерінен түсетін қаражат түсімдерінің аудиті және Қордың 2022-2023 жылдардағы бағдарламалары мен жобаларының іске асырылу аудиті бойынша есебі қаралып, назарға алынды. Барлығы 2023 жылға арналған аудит жоспары жыл ішінде өткізілетін 5 аудиторлық іс-шараны (жеке тұлғалардың өтінімдері бойынша қайырымдылық көмек көрсету аудиті, Қордың әкімшілік шығыстарының аудиті және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру аудиті) қамтиды.
Жүргізілген ішкі аудит барысында бірқатар жағдайларда Қордың ішкі құжаттарының талаптары мен ережелерін сақтамау, іс-шараларды орындау кестесінен ауытқу (мамандарды оқыту, тауарларды жеткізу), жекелеген жобалар мен бағдарламаларда белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізбеу жөнінде ескертулер анықталды.
Ескертулерді түзету және Қор қызметіне сәйкестендіру үшін ішкі аудитор Қор тұжырымдамасының қағидаттарын ұстану, Қордың ішкі құжаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ Қордың қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларына қатысушы – серіктестерінен іске асыру барысы және түпкілікті көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізу жөніндегі ақпаратты уақытылы сұрату сияқты ұсынымдар берді.
Есепті қарау қорытындысы бойынша Қор басқармасы түзету (ескерту) іс-шараларының тиісті жоспарын әзірледі. Осы жоспардың орындалуының мониторинг нәтижесін ішкі аудитор жылдық есепте ұсынады.
3. Қамқоршылық кеңестің мүшесі болып Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген белгілі тележүргізуші және журналист Мақсат Толықбаев сайланды.
Мақсат Толықбаев «Халық сүйіктісі – 2020», «Адал тұлға – 2021», сондай-ақ «Үздік тележүргізуші-2016, 2019 жж.» байқауларының жеңімпазы. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап «Хабар» телеарнасында «Біздің мақсат» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі.