13 наурызда «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің кезекті бетпе-бет отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Қордың Қамқоршылық кеңесі мынадай шешімдер қабылдады:
1. Қазақстан Республикасының шалғай өңірлерінде онкологиялық скринингті және халықты профилактикалық қарап-тексеруді уақытылы жүргізуге бағытталған «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасы бекітілді.
Жоба аясында үш өңірлік онкологиялық орталық үшін цифрлық маммографиялық жабдықпен, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және онкологиялық тексерулер жүргізуге арналған компьютерлік томографпен жарақтандырылған жылжымалы медициналық кешендер сатып алынады.
Қазақстан Республикасы бойынша пилоттық өңірлер ретінде таңдалған Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасының іске асырылуы халықты қамтуды және науқастар арасынан онкологиялық ауруға шалдыққандарды, әсіресе, ерте сатыларда (0-1 сатыда) анықтауды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Халықты онкологиялық скринингпен қамту бойынша ағымдағы жоспар 60% құрайды, бірақ іс жүзінде тек 50%-ға дейін орындалады. Жобаны енгізу арқылы пилоттық өңірлер бойынша қамтуды 50-ден 70%-ға дейін ұлғайту көзделуде.
Сондай-ақ, 2023 жылдың басында ауыл халқының саны Ақтөбе облысында – 253 мың адамды (28%), Алматы облысында – 1 622 мың адамды (78%), Қызылорда облысында – 453 мың адамды (55%) құрағанын атап өткен жөн. Осы өңірлердегі ауыл халқының көрсетілген үлесі дамымаған көлік коммуникациялары жағдайында, қазіргі заманғы байланыс құралдары болмаған жағдайда өмір сүреді. Салдарынан медициналық көмекке жүгіну деңгейі төмен, әрі бұл онкологиялық ауруларды ерте сатыларында анықтауға әсер етеді.
Жобаға қатысу үшін іріктелген Ақтөбе (57,1%) және Қызылорда облыстарында (45,0%) маммографтардың ескіруі (8 жыл және одан да көп) және цифрлық маммографтардың жеткіліксіз саны байқалады.
Шалғай өңірлер мен елдімекендердің тұрғындарына жылжымалы кешендерде тексерулер жүргізу онкологиялық ауруларға күдікті пациенттерге жоғары технологиялық консультациялық-диагностикалық көмекке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді, олар қашықтығына байланысты уақытылы тексеруден өте алмайды, оның ішінде төмен дозалы компьютерлік томографияның көмегімен скринингтік тексерулер жүргізуді іске асырады. Бұдан басқа, жоба кадрлар мен жабдықтар жетіспейтін шалғай өңірлеріндегі ауылдық жерде консультациялық-диагностикалық зерттеулерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жоба аясында жалпы сомасы 3 млрд 273 млн теңгеге үш жылжымалы кешенді машина сатып алу жоспарлануда. Бағдарлама 2023-2024 жылдарға (1 жыл) арналған.
Айта кетейік, онкологиялық ауруларды ерте анықтау әрі қарай сауығып кету мүмкіндігімен емдеу бойынша уақытылы рәсімдер кешенін жүргізу, сондай-ақ ҚР халқы арасында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендету мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Бағдарламаны іске асыру бойынша Қордың серіктестері – ҚазОРҒЗИ және өңірлік онкологиялық орталықтар – Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы» КМК, Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Қызылорда облыстық онкологиялық орталығы» КМК, «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті» КЕАҚ.
Жобаны іске асыру қорытындылары бойынша жүргізілген онкологиялық зерттеулердің нәтижелеріне талдау, оның ішінде пилоттық жобаға кірмеген өңірлермен салыстырмалы талдау жүргізіледі және жобаны ұлғайту бойынша ұсыныстар дайындалады.
2. Қордың 2023 жылға арналған әкімшілік бюджетін түзету туралы шешім қабылданды.
3. Қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының мониторингі бойынша есептер қаралып, назарға алынды.