«Қазақстан халқына» қоры аудандар мен моноқалаларда робототехника кабинеттерін ашады

Қазақстандық оқушылар сұранысқа ие инженерлік құзыреттерді меңгеретін болады.  Жаңа оқу жылына қарай 161 аудандық мектепте және моноқалалардағы 28 мектепте робототехника кабинеттері құрылады.

«Қазақстан халқына» қорының «Болашақ инженерлер» бағдарламасы бойынша 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады. Жаңа инженерлік дағдылар оқушыларға түрлі мамандықтарды игеруге және болашақта сұранысқа ие маман болуға жәрдемдеседі. Еліміз бойынша барлығы 189 робототехника кабинеті ашылады. Алғашқы робототехника кабинетінің таныстырылымы Ақмола облысының Қоянды ауылының №2 мектебінде өтті. Мектеп бағдарламалық қамтамасыз етуді, конструкторларды, электрониканы қамтитын робототехниканы зерттеуге арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешенмен толықты. Кабинетті жаңартуға 3,6 млн теңге бөлінді.

Қайырымдылық бағдарламасы «Арман Инжиниринг» компаниясымен, Инженерлік білім беруді дамыту қорымен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

«Арман Инжиниринг» Ы.Алтынсарин академиясымен робототехника бойынша оқу-әдістемелік кешендер әзірлеп, бекітті. Кабинеттерге сатып алынған отандық жабдықтарға академия және республикалық оқу-әдістемелік орталығы тарапынан оң қорытынды берілді. Инженерлік білім беруді дамыту қоры республикалық оқу-әдістемелік орталық базасында ұстаздар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды.

«Іске асырып жатқан бағдарламаның мәні кабинетті жабдықтау туралы емес, білім беру үрдісін құруға негізделген. Оқушыларға заманауи конструкторлар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бұл бағдарламалауды үйрену жолындағы құралдар. Сондықтан біз мұғалімдерді робототехникаға ғана емес, инженерлік құзыреттілікке үйретіп, толық әдістемелік қолдау көрсетеміз. Робототехниканы оқыған бала электротехник, интернет-платформаларды әзірлеуші, ұшу аппараттарын құрастырушы бола алады, яғни инженерлік білімнің арқасында ол көптеген мамандықтарды игереді. Қарапайым инженерден бастап автоматтандырылған кәсіпорынның басқарушысына дейінгі қызмет иесі атануға мүмкіндігі бар», – деді «R:ED – Robotics Education» робототехниканың халықаралық бағытының басқарушы директоры Максим Сушков.

«Болашақ инженерлер» қайырымдылық бағдарламасының алғашқы нәтижесін бір жылдан кейін бағалауға болады. Болашақ инженерлер дағдылары мен білімдерін таныту үшін робототехника бойынша республикалық олимпиада ұйымдастыру жоспарлануда. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары халықаралық байқауға қатыса алады.

«Бір қарағанда робототехника бойынша лего, электроника бөлшектері бар бір шағын кабинет сияқты. Бірақ мұндай жобаның әлеуеті зор. Балалар робототехника арқылы бағдарламалауды игереді. Бағдарламалау – болашақтың мамандығы болғанымен, ол қазіргі күннің мамандығына айналды. Мысалы, бүгінде нарықта қаржыгерлерден гөрі қаржы мен бағдарламалауды қатар білетін мамандар үлкен сұранысқа ие. Өйткені, бағдарламашылар барлық салаларда қажет және сұранысқа ие. Олар бүгін өнім әзірлеу арқылы болашақты қалыптастырады», – деп атап өтті Қордың Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Айта кетсек, «Болашақ инженерлер» бағдарламасы бойынша робототехника кабинеттері Қазақстанның барлық облысында әрбір ауданда және моноқалада құрылатын болады. Жобаның мақсаты – ауылдық жерлердегі және моноқалалардағы балаларға робототехниканы зерделеу үшін ресурстық орталық құру, инженерлік құзыреттер саласында қолжетімді сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету.

Бағдарламаны іске асыруға «Қазақстан халқына» қоры жалпы сомасы 673,2 млн теңге, «Арман Инжиниринг» компаниясы және Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464,5 млн теңге бөлді.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.