Қазақстанның Азаматтық Альянсымен кездесу өтті

23 ақпанда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері Қазақстанның Азаматтық Альянсының мүшелерімен кездесті.

Қазақстанның Азаматтық Альянсында ұйымдастырылған жиынға «Қазақстан халқына» Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қордың басқарушы директоры – Басқарма мүшесі София Айсағалиева, Бағдарламалар мен жобаны басқару орталығының басшысы Гүлзия Қайырбекова, жоба менеджері  Ысқақ Құлатай, ресми өкіл-баспасөз хатшы Диас Бейсенбек, сондай-ақ «Mama PRO», «Жақсылық арифметикасы NS», «Abaqus-Daryn», «Ерекше балалардың ата-аналар одағы», «Феникс», «New World», «Үздіксіз білім беру» атты ҮЕҰ басшылары мен мүшелері және еріктілер қатысты.

«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева Қордың қайырымдылық бағдарламаларын іске асыруда қоғамдық мониторингтің маңыздылығын атап өтіп, Сарапшылық комитеттерінің қызметі, өтінімдерді қарау тәртібі және жұмыстың басқа да бағыттары туралы өз сұрақтарын қойды.

ҮЕҰ өкілдері қайырымдылық жобаларын іріктеу және іске асыру, өңірлердегі мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ қоғам белсенділері Қор жобаларын ілгерілетуге дайын екендерін білдірді.

Өз кезегінде Ләззат Шыңғысбаева Қор бағдарламаларының көпшілігі өңірлерде жүзеге асырылатынын және көмек  ауылдағы мұқтаж азаматтарға бағытталатынын айтты. Қор сонымен қатар Азаматтық Альянс мүшелерімен белсенді қарым-қатынаста.

«Өткен жылдың жазында біз 43 zoom-кездесу ұйымдастырып, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1173 ҮЕҰ қатысты. Онлайн-кездесулерде біз Қордың міндеттерін талқыладық, жұртшылықтың сұрақтары мен ұсыныстарына жауап бердік. Ұсыныстар негізінде жұмыс бағыттары, Қордың бағдарламалық құжаттары қалыптастырылды. Ал өткен жылдың қазан айында Қазақстанның Азаматтық Альянсымен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, апта сайын әр бейсенбіде ҮЕҰ-мен онлайн zoom- кездесулер өткіземіз, онда сұрақтар мен ұсыныстарға жауап беріп, түсіндіру жұмысын жүргіземіз», – деді Қор басшысының орынбасары.

Қор жұмысының ашықтығы туралы сұрақтарға Басқарушы директор София Айсағалиева жауап беріп, бейнеэкранда жобалар туралы толық ақпараттың, барлық қаржылық есептердің, нормативтік-құқықтық актілердің және басқа да қажетті мәліметтердің ресми сайтта жарияланғанын және оның қолжетімді екенін көрсетті. Сайт арқылы қазақстандықтар да көмек алуға өтініш бере алады.

Қатысушылар аталмыш кездесулерді тұрақты негізде өткізу қажет деп уағдаласты. 

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.