«Нейрофиброматоз» диагнозы қойылған науқастарға 220 миллион теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыр және орфандық сырқаты бар азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық көмек көрсету аясында Қарағанды және Павлодар облыстарында «нейрофиброматоз» диагнозы қойылған 2 азаматқа «Селуметиниб» (Коселуго) дәрісін сатып алды. Емделушілерге жалпы сомасы 220 млн 644 мың теңгеге 36 қаптама дәрі-дәрмек алынды.
«Медсервис плюс» ЖШС-мен жасалған шарт шеңберінде осы жылдың қаңтар айының ортасында препарат өңірлерге жеткізілді және науқастар терапия курсын жүргізуді бастады. «Селуметиниб» дәрісі - ісікке қарсы дәрілік зат, 1 типті нейрофиброматозы бар 3 жастан асқан балалардағы симптоматикалық, ота жасауға келмейтін плексиформды нейрофибромаларды емдеу үшін монотерапия ретінде қолданылады. Нейрофиброматоз – теріде, жұмсақ тіндерде, жүйке жүйесінде және ішкі органдарда қатерсіз ісіктердің пайда болуымен сипатталатын тұқым қуалайтын ауру.