Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді қарастыру қорытындысы бойынша Қордың Қамқоршылық кеңесі мынадай шешімдер қабылдады:
1. Қамқоршылық кеңестің шешімімен «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай Байгенжин Қамқоршылық кеңестің мүшесі болып сайланды.
Абай Байгенжин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Орталық Азия пульмонологтары қауымдастығының президенті. 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы озық көпсалалы медициналық орталықтардың бірі, айтулы мамандар ұстаханасына айналған Ұлттық ғылыми медициналық орталықты басқарады.
Қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының басым бөлігі, оның ішінде жүйелі және ауқымды бағдарламалар денсаулық сақтау саласында іске асырылуда. Осыған сүйене отырып, Қамқоршылық кеңестің құрамы медицина саласында терең білімі бар және денсаулық сақтау жүйесінде үлкен басқару тәжірибесі бар жоғары білікті маманмен күшейтілді.
2. Жалғыз құрылтайшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры болып табылатын «Endowment Qazaqstan Halqyna» нысаналы капиталды (эндаументті) басқару компаниясы» корпоративтік қоры – коммерциялық емес ұйым құру туралы шешім қабылданып, жарғысы бекітілді. Аталған Корпоративтік қор «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасын іске асыру тетігі шеңберінде құрылды, оның ішінде балалардың (қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде ҚР қаза тапқан азаматтарының, сондай-ақ жараланған және 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18 жасқа толмаған балалардың) тек білім беру гранты үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған арнайы шоттарына (депозиттеріне) қаражат жинақталады.
Нысаналы капиталдың (эндаументтің) тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қор таратылған жағдайда қордың нысаналы капиталы (эндаументі) «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін корпоративтік қордың иелігіне берілетіні көзделген Қор Жарғысына өзгерістер енгізілді.
3. Қамқоршылық кеңес 5 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасының мониторингі бойынша есептерді қарады:
1) Қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету;
2) Қостанай облысы Әулиекөл және Қарасу аудандарының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған отбасыларға (үй шаруашылықтарына) көмек көрсету;
3) Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Шалғын және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылдық округтерінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету;
4) Пара-хоккейден халықаралық жарыстарға дайындалу және қатысу үшін спортшыларды спорттық мүкәммалмен қамтамасыз ету;
5) «Тұсау кесер» қайырымдылық жобасын іске асыру (мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған еліміздің 5 өңірінде дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелерін ашу).
4. Қамқоршылық кеңес ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген «Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» жобасында көзделген іс-шараларды (онкологиялық орталықтарды жарақтандыру, дәрілік препараттар спектрін кеңейту және онкологиялық қызмет мамандарын оқыту) іске асыруға Қордың қатысуын алдын ала мақұлдады.
Кешенді жоспар бекітілгеннен кейін Үкімет Қамқоршылық кеңестің бекітуіне онкологиялық аурулармен күрестің тиімділігін арттыру үшін қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі нақты жобаларды шығарады.
5. Сондай-ақ Қамқоршылық кеңес қайырымдылық көмекке салық салу мәселесін қарады.м