«Қазақстан халқына» қоры жабдықтаған спорт залдарға 2 мыңға тарта бала тегін қатысуда

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өңірлерде жарақтандырған қайырымдылық спорт залдарына 2 мыңға жуық бала тегін қатысуда.

Қордың спорт саласындағы мәселелерге назар аударуына екі мыңнан астам жұртшылық өкілдерімен өткізілген онлайн-конференциялар мен көшпелі дөңгелек үстелдер барысында айтылған ұсыныстар негіз болды. Ұсынымдар мен өтініштер негізінде Қор төрт  қайырымдылық жобасын іске асыруда. Олар – ауылдардағы спорт залдарды жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру клубтарын жарақтандыру, пара-хоккейден Қазақстанның жалғыз құрамасын спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету және пара-атлеттерге протездер дайындау жобасы.

«Мәселемен жүйелі түрде айналасу мақсатында Қор спорт залдарды жарақтандырады деп шешілді. Осыған дейін демеушілердің қолдауымен ауылды жерлерде спорт залдарды ашып жүрген «Батыр боламын!» қоры бізге жүгінді. «24 спорт залы» бағдарламасын бастап, өткен жылы спорт инфрақұрылымы әлсіз немесе мүлде жоқ шалғайдағы ауылдар мен елдімекендерде 23 залды жабдықтадық. Ғимарат жергілікті билік пен меценаттардың есебінен беріліп жөнделсе, Қор жабдықтармен және спорттық мүкәммалмен қамтамасыз етті», – дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Жабыдықталған 23 залда ауылдардан және жақын маңдағы ауылдардан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 5 жастан 18 жасқа дейінгі 1750 бала бокспен, күреспен, дзюдомен және басқа да спорт түрлерімен үнемі айналысуға мүмкіндік алды. Спорт залдарға күрес кілемдері мен қаптар, еден жабындары, жаттығу манекендері, сондай-ақ гантельдер, киім-кешек, бокс қолғаптары мен шлемдер, арқандар, спорттық жинақтар және сатып алынды. Жергілікті жаттықтырушылар шақырылып, балаларға үйірме жұмысын өткізеді. 24 залды ашуға Қор тарапынан 183,6 млн теңге бөлінген.

Мәселен, Атырау облысының 1,5 мыңға жуық адам тұратын Бөдене ауылында спорт залының ашылуы ауыл азаматтары үшін көптен күткен оқиға. Мектеп оқушысы Мырзабек Қуанышбек жолдастарымен алғашқылардың бірі болып күрес секциясына жазылды.

«Бұрын біздің ауылда мұндай зал мен күресуге арналған спорттық құрал-жабдықтар болмады. Осындай үйірмеге барғысы келетін балалар саны көп.  Сондықтан мүмкіндік үшін ағаларымызға рахмет», – деді Мырзабек Қуанышбек.

Бұнымен қоса, кейбір жасөспірімдер жарыстарда нәтиже көрсетіп жатыр. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айының басында Түркістан облысы Қақпақ ауылының тұрғыны Досжан Марат Ж Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнирде қола жүлдеге ие болды.

Қор әдеттегі спорт секцияларына қатыса алмайтын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдарын жарақтандыру жобасын іске асыруда. Балаларды бейімделгіш спортқа баулып жүрген «Жас Жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының табысты тәжірибесі қолданылды. Тұрақты қатысудың нәтижесінде жүру қозғалысы шектелген, әрі жаттығуға үйренбеген балалар ширап, алғашқы қадамдарын жасай бастады. Сондықтан қор жобаны «Тұсаукесер» деп атады. Жобаның Астанада ашылған залына қатысып жүрген  балалардың бірі – 10 жастар Ернұр. Анасы Бақытгүл Құрманбекованың сөзінше, олар үш жыл бұрын Қызылордан елордаға көшіп келген сәттен бастап Ернұр үйірмеге қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қолы мен аяғындағы бұлшықеттер нығайып, қимылы сенімді бола түсті.

«Мемлекеттік қамтамасыз ету аясында сал ауруы бар балаларға жылына бір рет оңалтуға квота беріледі. Бұл өте аз, өйткені балалар күн сайын жаттығуы тиіс. Қызылордада тұрған кезімізде жылына Астанаға екі рет баратынбыз. Бірінші рет квота бойынша тегін ем алып, кейін ақылы бөлімге жүгінетінбіз. Ем-дом кешенді жүргізіліп, баламды аяғына тұрғызу үшін алып, Астанаға көшуді шештік. Сосын осы үйірмеге бара бастадық. Сенбейтін шығарсыз, бірақ оң қолы бен аяғын әлсіз қозғалтып келген Ернұр ақырындап нәтиже көрсете бастады. Бұлшықеттері мен аяқ-қолындағы күші арта түсті. Үйірмеге баласын әкелетін ата-ана көп. Баласының жүре бастап, өз-өзіне қамқор бола алатынына үміті зор. Сондықтан мұндай дене шынықтыру-сауықтыру клубтары бүкіл ел бойынша ашылу керек», - дейді Ернұрдың анасы Бақытгүл Құрманбекова.

Қордың серіктесі «Жас Жауынгер» ұйымы қажетті ғимарат пен жаттықтырушылар тобын анықтайды. Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорының жобасы Семей, Атырау, Шымкент, Алматы және Астанада ашылып, оған 200-ге тарта ерекше бала барады. 37,4 млн теңге сомаға залдар қажетті жабдықтармен және мүкәммалмен жабдықталған.

«Бұл жерде даму ерекшеліктері бар балалар жаттығу жасауды, алғашқы қадамды жасауды үйренеді. Сонымен қатар осында дос тауып, өздерін чемпион сезінетін орын. Тұрақты қатысып жүргеннен кейін балалардың эмоционалды және физикалық дамуындағы оң өзгерістер байқалуда», – деді «Жас Жауынгер» ДСК жетекшісі Садық Байымбетов.

«Қазақстан халқына» қоры еліміздегі параспорттың дамуына да үлес қосуда. Өткен жылдың күзінде Қорға Астана қаласының пара-хоккей федерациясы жүгінді. Федерация негізінде  пара-хоккейден Қазақстанның бірінші және жалғыз құрамасы құрылған. Параспортшылардың тәжірибесі бар, Ресейде өткен чемпионаттарда бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Алайда, бұл жарыстарға сонау 2017 жылы сатып алынған құралдарымен қатысып жүрді. Ал спорттық мүкәммалдың қызмет мерзімі небәрі 5 жыл. Осылайша Қор қазақстандық құраманың пара-хоккейден халықаралық жарыстарға дайындалуы және қатысуы үшін спорттық мүкәммал сатып алуды қаржыландырды. Командаға 12,4 миллион теңге сомаға 50 сырғытпа таяқ пен 16 шана сатып алынды. Жаңа сырғытпа таяқтармен Қазақстан құрамасы С пулындағы Таиландтағы чемпионатта күміс жүлдегер атанып, жоғары лигаға жолдама мен В тобының чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды. Ендігі таңда спортшылар көктемде Словакия құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дайындық үстінде.

Қор еліміздің параспортшыларына арналған спорттық-жүгіру протездерін жасау бойынша қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Дәл осы паралимпиадалық спорт түрінде Қазақстан ұсынылмаған, оған спорттық протездердің қымбаттығы да себеп. Ұлттық паралимпиада комитетінің мәліметі бойынша, елде 70-ке жуық аяқ-қол ампутациясы бар спортшы бар және тек бір ғана спортшының жүгіруге қатысуы үшін спорттық протезі бар. Қор жалпы сомасы 113,4 млн теңгеге 10 протез әзірлеуді жоспарлануда. Әрбір протездік-ортопедиялық бұйым жеке болғанымен, спортшы ауыстырылған жағдайда салыстырмалы физикалық параметрлері ұқсас кез келген параспортшы оны пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Фармас» ЖШС өндіруші компаниясы протездерді дайындау үшін қажетті өлшемдер алынуда.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры
Дизайн десант көмегімен.