«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының донорлары Қор Басқармасының Донорлар кеңесін құру туралы бастамасын қолдады. Кеңестің алғашқы ұйымдастыру отырысы 2022 жылдың 27 желтоқсанында өтті. Донорлар кеңесі – Қордың қайырымдылық қызметі бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін құрылған Қор Басқармасы жанындағы консультативтік-кеңесші орган.
Кеңес құрамына түрлі қызмет салаларындағы ірі бизнестің, жеке қайырымдылық қорларының өкілдері болып табылатын Қордың 12 доноры мүше. Атап айтқанда, «Kaz Minerals», «Kaspi», «Polymetal», «Bi Group», «Lancaster», «YDD|Asia FerroAlloys» компаниялар топтарының топ-менеджерлері, «Халық» және «Сәби» жеке қорларының басшылары, сондай-ақ «Степногорск тау-химия комбинаты» ЖШС, «Қазақстан Коммуналдық жүйелері» ЖШС, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ.
Кеңес қызметі қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту және елімізде қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру үшін Кеңес мүшелерінің зияткерлік және іскерлік әлеуетін біріктіруге арналған. Донорлар кеңесінің Қор және Қор донорлары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құралы атанатынына Қор Басқармасы сенімділік білдіруде. Донорлар кеңесі туралы Ережеге сәйкес Қордың қазіргі және әлеуетті донорларының Кеңеске қосылуы ашық түрде жүргізіледі.