Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының Шалғын және Жақсыбай ауылдарының тұрғындары жаңа үйлерге қоныстанды.
«Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдардың тұрғындарына 771,9 млн теңге сомасына 30 үйдің құрылысын қаржыландыру бойынша қайырымдылық көмек көрсетті.
Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында 23 бір қабатты бір пәтерлі тұрғын үй және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында 7 (3 екі пәтерлі және 1 бір пәтерлі) тұрғын үй салынды. Пәтерлерді тапсыруға қарай тұрғындарды қоныстандыру кезең-кезеңмен жүргізілді.
Шалғын ауылының тұрғыны Бекжан Масәлімнің айтуынша, апат болған күн әлі есінде. Сол күнгі су тасқынынан ауылдың бір бөлігі зардап шекті.
«Үйіміз жылы, әдемі. Қоныстандық, шағымымыз жоқ. Ұнап отыр. Көмек қолын созған барша құрылысшыларға, әкімдік, Қор өкілдеріне рахмет. Қиын жағдайды бастан өткердік, оңай болмады. Бірақ қазір қуаныштымыз, ризамыз жасалған жұмысқа. Осындай қиыншылық енді болмасын, демеу болған барша қауымға алғысымыз зор», - дейді Шалғын ауылының тұрғыны Бекжан Масәлім.
Бүгінде тұрғындар жаңа үйлерге қоныстанған. Пәтерлерге жарық, газ, су мен санитарлық торап жүргізілген.
«Қазақстан халқына» қорына алғысымды білдіремін. Биыл ауылымыз су тасқынынан зардап шегіп, тұрғындардың үйлері мен жергілікті мектеп су астында қалды. Қор қаражат бөліп, міне, біз енді жаңа жайлы үйлерде тұрып жатырмыз», – дейді Шалғын ауылының тұрғыны Самал Мақсұтова.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың сәуір айында кенет жылыну мен қардың еруіне байланысты тасқын су өңірдегі бірнеше елдімекенді басып, тұрғын үйлер су астында қалды. Олардың бір бөлігі тұруға жарамсыз болып шықты. 21 шілдеде Қорға БҚО әкімінің орынбасары Т.Қаюповтың үй құрылысы үшін қаражат бөлуге жәрдемдесу туралы өтініші келіп түсті. Облыс әкімдігі қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін, 8 тамызда «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі үйлер құрылысы үшін қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Құрылыс барысын бақылауды облыс әкімдігі жүзеге асырды.