Тамырлы патологиясы бар 86 бала «Қазақстан халқына» қорының арқасында тегін ем алуда

Гемангиомасы бар 86 бала тегін дәрі-дәрмек пен лазерлік ем алуда. Бұл емдеу әдісі хирургиялық араласусыз ісікпен күресуге мүмкіндік береді. 

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қан тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету бойынша қайырымдылық бағдарламасын іске асыруда. Тамырлы патологиясы бар балалар санының өсуіне байланысты емдеу ісін жүргізу Қазақстанда да, бүкіл әлемде де өзекті. Тиісті емдеу қажетті жабдықтар мен осы саладағы білікті мамандарға байланысты.

Қор бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан гемангиома диагнозы қойылған 18 жасқа дейінгі балаларға (мүгедек балалар; көп балалы,  аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан балалар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар; ата-аналарының бірінде мүгедектігі бар балалар) дәрі-дәрмек беріліп, лазерлік емдеу қолданылуда. Бағдарламаны жүзеге асыруға Қор 20,4 млн теңге бөлді.

Емделіп жүрген науқастардың бірі – 4 жасар Жәнібек. Шымкент қаласында тұрады. Анасымен бірге қазан айының соңында Қорға жүгінді. Жақында клиникаға қаралуға шақырылды.

«Аяғы мен табан жағында пайда болғанында, оны гематома деп ойладық. Өздігінен кетіп қалады дедік. Баланың өсуіне қарай ісік көлемі де ұлғайды. Мұнда келмес бұрын Мәскеуге емделуге екі рет бардық. Өзгеріс бар, бірақ әлі де емделу керек. Жәнібек – батыр жігіт, қаншама ем алдық, бәрінен жақсы өтіп келеді», – дейді Жәнібектің анасы Маржан.

Ал астаналық 3 жасар Сәбина үшінші рет ем алуда. Бірнеше процедурадан кейін оң өзгерістер байқалуда. 

«Қызым гемангиомамен дүниеге келді. Жергілікті мамандар алты ай күте тұрыңыз, осы уақыт ішінде ісік ұлғаюы мүмкін немесе кетіп қалуы мүмкін деді. Бірақ, өсіп отырды. Сондықтан біз «Қазақстан халқына» қорына жүгініп, көмек алудамыз. Осымен үшінші айда емделіп жатырмыз. Егер бұрын аяғында үлкен қызыл дақ болса, лазерден кейін ақшылдана түсті. Нәтижесі бар», – деді Сәбинаның анасы Гүлзат.

Қордың серіктесі – А. Қарабеков атындағы ҚҚ әлеуметтік медициналық орталығында қабылдау мен емдеу жүргізіледі. Орталық директоры және педиатр Роза Қарабекованың айтуынша, клиникаға келген науқастардың 80%-ы гемангиома кездеседі. Қатерсіз ісік болғанымен, жылдам өсу кезінде және күту тактикасы қолданылған жағдайда ауыр косметикалық дерттің дамуына әкелуі мүмкін. 

«Бүгінде елімізде осы патологияны емдеумен мақсатты түрде айналысатын бейінді мамандар аз. Өкінішке орай, күту тактикасы бар, оның салдары қиын жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, заманауи лазерлік жабдықтың тапшылығын көріп отырмыз. Әрі дертті емдеудің бірыңғай тәсілі жоқ. Сондықтан әр жағдай жеке қаралады, емдеу уақыты 6 айдан 8 айға дейін созылады. Клиникамызда аралас әдісті қолданамыз. Бірінші кезеңде медициналық емдеу блокатор препаратын, атап айтқанда, кардиологтардың қатаң бақылауымен атенололды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Екінші кезеңде кезең-кезеңмен лазерлік өңдеуді қолданамыз», - деді Роза Қарабекова.

Айта кетейік, «Тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету» бағдарламасының мақсаты – медициналық қызметтің осы түрін уақтылы көрсету және қолжетімділігін қамтамасыз ету, тамырлы патологиясы бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.

 

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.