Сыртқы құлақ каналының микротиясы мен атрезиясы бар науқастарды емдеу жағдайы туралы

Сыртқы құлақ каналының микротиясы мен атрезиясы сыртқы құлақтың сүйек-шеміршек қаңқасының дамуындағы ауытқуларға жатады. Статистикаға сәйкес, әлемде шамамен 10 мың баланың біреуі осы саладағы туа біткен патологиямен дүниеге келеді. Микротия кезінде жүрекше жеткіліксіз дамыған немесе мүлдем жоқ. Сыртқы құлақ каналының атрезиясы – сыртқы құлақ каналы дамуының ауытқуы, оның толық немесе ішінара болмауы. Сыртқы құлақ каналының микротиясы мен атрезиясы бір жақты немесе екі жақты болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 3 мыңнан астам адамның сыртқы есту жолының микротиясы мен атрезиясы бар, олардың 800-ге жуығы операцияға мұқтаж. Қазақстанда емдеудің баламалы әдісі бар, ол мемлекеттік қамтамасыз ету аясында тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері 20 балаға ота жасалған.

Мәселені шешу тәсілдерін әзірлеу үшін Қор ағымдағы жылдың маусым және шілде айларында Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдерімен, Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс отоларингологымен, «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасының жетекші сарапшыларымен бірнеше мәрте жиындар ұйымдастырды. Алайда, кеңестердің қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешудегі өз ұстанымын және Қордың қайырымдылық көмек көрсету бойынша қатысу жолын айқындамады.

Осы ретте Қор мәселені жүйелі шешу мақсатында 12 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігіне «ӘМСҚ» КЕАҚ жанындағы Шетелде емдеуге жіберу жөніндегі комиссияның Жұмыс органы тарапынан емделушілерді емдеу бағдарламасы көрсетілген қажетті құжаттар топтамасын және мамандарды оқыту жөніндегі шетелдік клиниканың шартын ұсыну қажеттілігі туралы хат жолдады. Қордың бұл хаты жауапсыз қалды.

Құлақтың туа біткен кемістігі диагнозы қойылған Дамир Көккөзовтың ата-анасының «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына шетелде емдеу жүргізу үшін қайырымдылық көмек көрсету туралы өтінішіне байланысты 15 желтоқсанда Қор Денсаулық сақтау министрлігі, «ӘМСҚ» КЕАҚ жанындағы Шетелде емдеуге жіберу жөніндегі комиссияның Жұмыс органы өкілдерінің, Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс отоларингологы мен сарапшылардың қатысуымен zoom-кездесу ұйымдастырды. Жиында сыртқы құлақ арнасының микротиясы мен атрезиясы бар пациенттерге көмек көрсету жөніндегі ағымдағы жағдай талқыланды.

Онлайн-кездесу аяқталған соң Қордың Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева баланың ата-анасымен кездесу өткізіп, оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақов, «ӘМСҚ» КЕАҚ Шетелде емдеуге жіберу жөніндегі комиссияның Жұмыс органының жетекшісі Майра Бейсен, сондай-ақ zoom арқылы Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ҚР Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, ҚР Мәжілісінің депутаты Зарина Камасова қатысты.

Кездесу барысында Д.Көккөзовтің ата-анасы емдеу әдісімен келіспейтінін мәлімдеп, «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасының шетелдік емдеу қажеттілігі туралы қорытындысын ұсынды, атап айтқанда АҚШ-тағы дәрігер Джозеф Роберсонның емдеуі ұсынылды. Алайда, кейінірек мемлекеттік қамтамасыз ету аясында емдеудің баламалы әдісінің болуына байланысты «ӘМСҚ» КЕАҚ Шетелде емдеуге жіберу жөніндегі комиссияның Жұмыс органы тарапынан емделушіге бас тарту берілді.

Д.Көккөзовтің және сыртқы есту жолының микротиясы мен атрезиясы бар жалпы емделушілерді шетелде емдеуге қатысты Қор Денсаулық сақтау министрлігі мен «ӘМСҚ» КЕАҚ Шетелде емдеуге жіберу жөніндегі комиссияның Жұмыс органы шетелде емдеуді жүргізу қажеттілігі, емделушілерді іріктеу критерийлері, олардың саны мен кезектілігінің бағыты, клиника,  сондай-ақ емдеу бағдарламалары айқындалған ұсынымдары бар қорытынды берген жағдайда Қор мәселені қарастырып, қайырымдылық көмек көрсетуге дайын. Бұл ретте Қор шешім қабылдаған кезде тек мамандар мен уәкілетті органның қорытындысына ғана сүйенетінін атап өтеміз.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.