Қайырымдылыққа бағытталған әрбір арнайы шыныаяқ кофеден түскен 100 теңге қазақстандық балаларды протездермен қамтамасыз етуге жұмсалады. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Coffeeday Company» ЖШС «Coffeeday» кофеханалар желісімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Coffeeday» қазақстандық кофеханалар желісі Қордың «Мүгедек балалар мен жастарды (14-29 жас) инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
«Компаниямыз екі жыл бұрын құрылған. Бүгінде Астана, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Бішкекте 40-тан астам филиалымыз бар. Мақсатымыз – кофеханалар санын 100-ге дейін жеткізу. Сондықтан бизнестің әлеуметтік бағдарлануының маңыздылығын, сондай-ақ азаматтардың нақты мәселелерін шешудегі «Қазақстан халқына» қорының рөлін ескере отырып, қайырымдылық саласына өз үлесімізді қосуды шештік. кофенің арнайы желісін іске қосуды жоспарлап отырмыз, оның құны 100 теңгеге жоғары болады. Осы қаражат Қорға бағытталады. Жобаны Астана кофеханаларынан бастап, келушілерімізге кофе сатып алу арқылы балаларға протездер алуға көмектесетінін айтқымыз келеді», – деді кофеханалар желісінің негізін қалаушы және директоры Асылжан Қази.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев ұсынылған бастама үшін алғысын білдіріп, кофеханалардағы экрандарда инновациялық протез алған азаматтарды көрсетуді ұсынды.
«Жақында Қордың серіктесі – протез жасаушы компанияның кеңсесіне барып, өндіріспен орнымен танысып, протезге ие болған жастармен әңгімелестім. Протез алған адамның оптимист атанып, айналасындағыларға күш-қуат беріп, өзіне сенімді болатынын байқадым. Бұл жұмысымыздың көрінетін маңызды әсері», – деп айтты Болат Жәмішев.
«Coffeeday Company» компаниясы қайырымдылық көмек көрсету жобасын келесі жылдан бастауды жоспарлап отыр.
«Қазақстан халқына» қорында «Мүгедек балалар мен жастарды (14-29 жас) инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» қайырымдылық бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 47 қазақстандық инновациялық протездер табысталғанын атап өтті. Бағдарламаны іске асыруға 1 млрд 568 млн теңге бөлінген.