Қостанай облысындағы ірі өрттің салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры облыс әкімдігімен бірлесе қайырымдылық көмек көрсету тетігін пысықтады және осыған дейін зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жарақтандыруға, сондай-ақ балалардың спорттық-сауықтыру лагерін қалпына келтіру шараларына қатысатыны туралы мәлімдеген болатын. 22 қазанда Қостанай облысының әкімдігі 3 қыркүйекте болған өртте үйлері толығымен өртенген Әулиекөл ауылының тұрғындарына 91 үйдің кілтін табыс етті. Осыған байланысты, 22 қазанда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі Қостанай облысының тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
Үйлерді жайластыру (жабдықтандыру) үшін Қор жергілікті атқарушы орган тарапынан баспана алған әрбір отбасына 2 млн теңге бөледі. Осы мақсаттарға Қордың қаражаты, сондай-ақ Қордың арнайы шотына жіберілген Е.О. Еділовтың атынан «Yedilov Online» telegram-каналына жазылушылардың жиналған қаражаты (25 822 791 теңге) бағытталады. Айта кетейік, қыркүйек айының басында «Қазақстан халқына» Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы шот ашты. Бүгінгі таңда Қордың арнайы шотында 251 831 184 теңге бар.
Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі Әулиекөл ауданында өртенген «Достық» балалар спорттық-сауықтыру лагерінің орнына 150 орындық жаңа балалар спорттық-сауықтыру лагерін салу үшін қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Жобалау-сметалық құжаттама бекітіліп, құрылыс құны анықталғаннан кейін «Қазақстан халқына» қоры жаңа балалар спорттық-сауықтыру лагерінің құрылысын қаржыландырады. Нысанды салу үшін Қордың қаражаты, сондай-ақ Қордың арнайы шотына «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС (200 000 000 теңге), «Шәкәрім атындағы Университет» КЕАҚ (2 804 978 теңге), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры КҚ (23 003 415 теңге), «AQMOL-project» ЖШС (200 000 теңге) түскен қаражатты жұмсау жоспарлануда.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ірі орман өртінен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына көрсеткен қолдауы үшін барша қазақстандықтар мен кәсіпкерлерге алғысын білдіреді. Қор қайырымдылық көмек көрсетудің барысы мен нәтижелері туралы жұртшылықты одан әрі хабардар етеді.