«Қазақстан халқына» қоры Антикормен және Қазақстанның Азаматтық Альянсымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Қазақстанның Азаматтық альянсымен өзара іс-қимыл туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімге «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов және Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева саяси реформаларды іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөліне арналған дөңгелек үстел барысында қол қойды.

Меморандумдар аясында Қор сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық бастамаларды қолдау бойынша ақпарат пен құзыреттермен, сондай-ақ табысты тәжірибемен алмасуға ниетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен келісімге қол қою жұмысымыздың тиімділігін арттыру, қоғамдағы өзара іс-қимыл кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен қағидаттарды қалыптастыру мақсатында маңызды. Азаматтық Альянспен серіктестікте Қор ең өзекті қызмет салаларын пысықтайды. Бұл бағытта қолдаушымыз және ең басты кеңесшіміз 3,5 мың үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) басын біріктіретін ең үлкен ұйым – Азаматтық Альянс болмақ. Екінші жағынан, Қор әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ үшін құрал бола алады. Егер азаматтық қоғамның қолдауы болса, демек  алған бағытымыз оң. Бұл табысты мемлекеттің маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын азаматтық қоғамның өзі үшін де аса маңызды», – деп атап өтті Болат Жәмішев.

Қор басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларға қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларды іске асырудың міндеттері, нәтижелері мен жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, Болат Жәмішев азаматтық қоғам өкілдерінің Қор қызметінің басым бағыттарын талқылау мен айқындаудағы рөлін, оның ішінде Қор бағдарламаларының тұжырымдамасы мен проспектісін әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтті. Осы жылдың шілде айында алғаш рет «Қазақстан халқына» қорының бастамасымен ҮЕҰ-ның 1173 өкілінің қатысуымен ұлттық қайырымдылықтың өңірлік конференциялары басталды. Zoom-конференциялар форматында 48 отырыс өтіп, оның ішінде түрлі бағыттар бойынша сарапшылармен 5 отырыс өтті. Онлайн талқылаулардан кейін Қор басшылығы жұртшылық пен жергілікті атқарушы органдардың 1197 өкілінің қатысуымен еліміздің 20 өңірінде көшпелі дөңгелек үстелдер өткізді.

«Нәтижесінде Қор атына 592 ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, қоғамдық пікірді зерделеу және қоғамдық қор қызметінің неғұрлым өзекті бағыттары бойынша мүмкіндігінше көп ҮЕҰ-дан ұсыныстар алу үшін ҮЕҰ арасында онлайн-сауалнама іске қосылды, оған 1041 респондент қатысты. Сауалнама нәтижелері 16 қыркүйекте ұлттық қайырымдылық І конференциясының қорытынды отырысы барысында көпшілікке ұсынылған Қордың бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін пайдаланылды», – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсының өкілдері «Қазақстан халқына» қорының ашықтық саясатын атап өтіп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Сіз қиын өмірлік жағдайға тап болдыңыз ба?

Өтінім қалдырыңыз, Қор Сізге көмек көрсету мүмкіндігін табуға тырысады
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.