16 қыркүйекте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқына» Ұлттық қайырымдылықтың І конференциясының қорытынды отырысын өтті.
Конференция коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің, қор донорларының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Парламенттің және халықаралық ұйымдардың қатысуымен zoom платформасында онлайн форматта ұйымдастырылды.
Қорытынды конференция қордың қызметі және Қазақстанда қайырымдылықты дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі болып отыр. Себебі конференция 1 шілдеде басталып, осы уақыт ішінде 1173 үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдерінің қатысуымен 43 zoom-конференция өткен. Облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ елордада 1197 азаматтың –жергілікті атқарушы органдар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел форматында 43 отырыс болды. Нәтижесінде 592 ұсыныс айтылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қызметінің неғұрлым өзекті бағыттары бойынша неғұрлым көп ҮЕҰ-ның ұсыныстарын зерделеу мақсатында 18 шілде мен 31 тамыз аралығында ҮЕҰ үшін онлайн-сауалнама іске қосылды. Сауалнама qualtrics.com. кәсіби платформасында жүргізіліп, сауалнама нәтижелері қордың бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін пайдаланылды және қордың сайтында жарияланды. Сауалнамаға жалпы саны 1041 респондент қатысты.
Барлық мүдделі тараптардың ұстанымдарын зерттеу үшін қор донорларымен терең сұхбат әдісімен кешенді зерттеу жүргізді. Донорлардың ұсыныстары қордың жаңартылған Тұжырымдама жобасында және проспектісінде де көрсетілген.
Бүгінгі қорытынды отырыс сарапшылар мен донорлардың сөздерінен басталып, «сұрақ-жауап» сессиясымен жалғасты. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев жұртшылық алдында қордың жаңартылған тұжырымдамасы мен проспектісін таныстырып, Үкіметке үндеу және конференцияның Декларациясы қабылданды.
Болат Жәмішев өз сөзінде Тұжырымдаманың қолданыстағы редакциясын дайындауда Мемлекет басшысының 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында «Қазақстан халқына» қорын құру туралы берген тапсырмасы негіз болғанын атап өтті.
Тұжырымдаманың жаңа редакциясына сәйкес қор қайырымдылық саласына ірі жеке капиталдың тұрақты ағымын қамтамасыз ететін донорлық пен қайырымдылық экожүйесінің драйвері атануы тиіс. Қоғамдық сектор ұйымдарының көмегімен қайырымдылық бағдарламалары әзірленіп, іске асырылады. Бұдан басқа отандық мамандар мен өндірушілерді қолдауға басымдық беріледі.
Тұжырымдаманың жаңартылған редакциясында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, «Қазақстан халқына» қорының негізгі алты бағыты айқындалды. Олар – елдің ауқымында өзекті атқарымды жабдықтармен және құрал-саймандармен материалдық-техникалық жабдықтауға көмектесу; ресми және бейресми білім беруді кеңейтуге жәрдемдесу; халыққа әлеуметтік қызметтер көрсетудің қолданыстағы жүйелерінің, құралдары мен үдерістерінің тиімділігін арттыруға қатысу; әлеуметтік инновацияларды қолдау және енгізу; айрықша жағдайларда жекелеген азаматтарға мақсатты көмек көрсету; төтенше жағдайлар кезінде кешенді көмек көрсету.
Қор проспектісі коммерциялық емес ұйымдар мен донорлардың ұсыныстары негізінде құрылған. Құжатқа 42 бөлім бойынша қордың жұмыс үрдістері мен негізгі бағыттары, ақпараттық жұмысты күшейту, азаматтық сектор мен қайырымдылық саласын дамыту, зерттеу жобаларын қолдау мәселелеріне арналған 592 ұсыныс енгізілді.
Конференция барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров пен «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сөз сөйледі. Пленарлық сессияда қайырымдылық саласындағы негізгі мәселелер жөнінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Элмира Әлиева, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының үйлестірушісі Данияр Тоқтарбаев, «Полиметалл Еуразия» компаниясының бас директоры Қанат Досмұқаметов, «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры Жібек Бисенова, Қоғамдық денсаулық сақтау менеджерлерінің қазақстандық қауымдастығының атқарушы директоры Айнұр Айыпханова тоқталып өтті.
«Сұрақ-жауап» сессиясында қатысушылар спикерлерге өз сұрақтарын жолдап, сауалдарға жауап алды.
Конференция қорытындысы бойынша Болат Жәмішев тағы екі маңызды құжатты – Әлеуметтік дамудың өзекті мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне үндеу және «Қазақстан халқына» Ұлттық қайырымдылықтың I конференциясының декларациясын ұсынды. Үкіметке жолданған үндеуде қатысушылар әлеуметтік инфрақұрылымның, ауылдық жерлерде мектепте білім берудің, азаматтарды оқытудың, әлеуметтік қорғаудың, азаматтардың жекелеген санаттарын нысаналы қолдау бағыттарындағы бірқатар маңызды мәселелерге назар аударуды сұрады.
Отырыс аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне конференция қорытындысы бойынша «Қазақстан халқына» қоры басшылығының қатысуымен брифинг ұйымдастырылды.
Еске салсақ, конференция мен брифингтің тікелей көрсетілімі қордың qazaqstanhalqyna.kz сайтында жүргізілді.