Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының 2024 жылдың қорытындысы бойынша қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының іске асырылуы мен қызментінің басты нәтижелері туралы айтты.
Сондай-ақ, шараға «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева мен «Қазақстан халқына» ҚҚ Қаржылық және құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры София Айсағалиева да қатысты.
«Қазақстан халқына» Қоры өз қызметінде 104 қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларына бастамашы болды, оның 62-сі аяқталды. Оларды жүзеге асыруға 240 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта Қорда донорлардың қайырымдылық жарналары есебінен 252 млрд теңге жиналды, оның ішінде 3 жыл ішінде Қор жалпы сомасы 186,5 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті, оның ішінде 2024 жылы 96,6 млрд теңге.
Қордың жобалары ауылдағы білім беруді, денсаулық сақтау жүйесін, оңалту, әлеуметтік қолдау, мәдениет, балалар және инклюзивті спортты дамытуға және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге мүмкіндіктер жасай отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қордың жобалары мен қайырымдылық көмектері қазақстандықтардың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертіп, ұзақ мерзімді оң өзгерістерге ынталандырады. Серіктестердің, донорлардың және облыс әкімдіктерінің қолдауымен Қазақстанның әр аймағында, ең алдымен, ауылдарды, моно және шағын қалаларды қамтитын жобалар жүзеге асырылуда.
Қор көрсетілетін көмек ашық әрі тұрақты болуы керек деп есептейді. Қайырымдылық жобаларының тиімді жүзеге асырылуы Ernst&Young компаниясының жыл сайынғы сыртқы аудиттерімен расталады.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, жыл сайын «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорына таза кірістің кемінде 7% аударады. 2024 жылы Қорға 66,6 млрд теңге түссе, 2025 жылы қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға жұмсалатын 50 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат түседі деп күтілуде.
Сондай-ақ, «Лотерея және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы 2024 жылы Қорға 1,4 млрд теңге жолдады.
Қор серіктестермен бірлесе отырып, ауылдағы білім беруді түбегейлі өзгертуде. Білім беру саласында Қор жалпы сомасы 61,4 млрд теңгені құрайтын 19 бағдарлама мен жобаны жүзеге асыруда.
Флагмандық қайырымдылық жоба ретінде серіктестер «Білім беру сапасын тұрақты дамыту» ҚҚ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ, облыс әкімдіктері және басқа серіктестермен жүзеге асырылған «Ауылдағы тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» елдік бастамасы болды. 2022 жылдан бастап екі кезеңде Қор ауылдық жерлердегі оқушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның 17 аймағындағы 135 тірек мектептерін жабдықтауға 33,5 млрд теңге бөлді.
Сәтті мысалдардың бірі ретінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысындағы шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту жөніндегі пилоттық жоба болды. Ақтөбе облысының шағын жинақталған ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту жобасы шеңберінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының 134 шағын жинақталған мектебінде материалдық-техникалық база жаңартылды және оқытудың 4 моделі пилоттық сынақтан өтті, оның ішінде ең оңтайлысы таңдалды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов 2024 жылғы 3 желтоқсандағы Үкімет отырысында қала мен ауыл арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты азайту үшін бұл жобаны кеңейтуді тапсырды. Бұл жоба Қормен тағы үш облыста енгізіледі.
Алматы облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу жобасы аясында облыстағы 50 мектепте (8 қалалық және 42 ауылдық) 150 физика, химия және биология кабинеттері жабдықталды. Қарағанды облысында «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу жобасы бойынша 86 мектеп 253 физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықталған. Жобаның мақсаты – мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәлімгерлік қолдау және білім беру инфрақұрылымын құру арқылы студенттердің білім деңгейін арттыру.
99 арнаулы білім беру мектеп ұйымдары үшін білім алуға тең қолжетімділікті және олардың ерекшеліктеріне, психикалық және физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, барлық балалардың дамуында жетістікке жету үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін материалдық–техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі көмек көрсетілді.
Қордың білім гранттары еліміздің 92 жоғары оқу орнында оқитын ауылдық жерлердегі мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардан шыққан 3000 мыңнан астам студентке әлеуметтік лифт пен жоғары білім алу мүмкіндігін туғызды.
Бұдан басқа, Қор моно және шағын қалаларда, ауылдарда 360 мектепті қамтыған роботехника кабинеттерін жабдықтау; Қарағанды облысындағы қосымша білім беру ұйымдарында STEM-оқытуды енгізу қайырымдылық жобаларын іске асырды. Қарағанды облысы мен Ұлытау облысындағы 11 арнайы мектеп-интернаты мен Балаларды қолдау орталықтарында тұратын балалардың бейімделген дене шынықтыру сабақтарын ұйымдастыру және бос уақытын мазмұнды өткізу үшін жағдай жасау жобасы жүзеге асырылуда. «Жаздық жолдама» жобасы аясында 2 жыл ішінде 40 000 мыңдай бала зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ететін бағдарламамен қауіпсіз және жайлы жазғы демалыспен қамтылды.
Спорт және мәдениет саласында Қор жалпы сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын 12 бағдарлама мен жобаны жүзеге асыруда. Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхана жаңартылып, комьюнити орталықтарына айналуда.
Жобамен халықты қамту 130 000-нан астам адамды құрайды. Алғашқы екі комьюнити орталықтарының тұсаукесері 16 желтоқсанда өтті.
Шалғай елді мекендерде спортпен шұғылдануға арналған залдардың тапшылығы мен қолжетімсіздігін ескере отырып, Қордың қолдауымен ауыл жастары үшін 100 спорт залы ашылды. Ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда 40 ангар типті спорт залдарын салу жоспарлануда. 4 нысан пайдалануға берілді, 9 нысан құрылыс кезеңінде.
Төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бойынша 20,6 млрд. теңге сомасына 13 жоба іске асырылды. Қор су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасылар үшін 5 өңірде 627 үй құрылысын қаржыландырды.
Әлеуметтік қолдау және оңалту саласында Қор жалпы сомасы 16,3 млрд теңгеге 29 жобаны жүзеге асыруда. Қордың бағдарламалары оңалту орталықтарын жабдықтауға бағытталған; оңалту орталықтарын жабдықтауға, аутизмі және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жабдықтауға; балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен және экзоқаңқалармен қамтамасыз етуге; мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
«QH Оңалту орталықтары» және «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыру жыл соңына дейін барлық өңірлерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 25 оңалту орталықтарының ашылуын қамтамасыз етеді, олар ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамытуға және жақын жерде оңалту процесін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде ауылдық жерлерде 5 аудан орталығы, 4 аудан орталығы ашылды.
185 адам инновациялық жоғарғы және төменгі аяқ протездерімен қамтамасыз етілді. Еліміздің 8 облысында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тұсау кесер» дене шынықтыру-сауықтыру үйірмелері жұмыс істейді.
Серіктестермен бірлесіп Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Қостанай, Тараз, Ақтөбе қалаларында аутизмі және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған 7 орталық ашылды. 2025 жылы Ақтау қаласында ашылуы жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласындағы жалпы сомасы 132,8 млрд теңгеге 30 бағдарлама мен жобаны жүзеге асыруда. Денсаулық сақтау саласында көмек көрсетудің үш негізгі бағыты - инновациялық нысаналы дәрілік заттарды сатып алуды қаржыландыру, үздік әлемдік өндірушілерден заманауи жабдықтармен жабдықтау және елімізге жаңа технологияларды трансферттеу мақсатында дәрігерлер мен мамандарды оқыту әзірленген.
Жұмыстың маңызды бағыты ауыр және орфандық аурулары бар пациенттер үшін дәрілік препараттарды сатып алу болып табылады. Қор 2022 – 2024 жылдар аралығында 490 азаматтарды, оның ішінде 371 балалар үшін 62,3 млрд теңге сомасына дәрілік заттарды сатып алу қамтамасыз етті. Дәрілік заттардың 38 түрі сатып алынды.
2023 жылдың қараша айынан бастап 2024 жылдың 31 желтоқсан аралығында Қор онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар 1284 азаматты 14,76 млрд.теңгеден астам сомаға дәрілік препараттармен қамтамасыз етті.
Онкологиялық қызметті дамыту үшін 2023-2024 жылдары 5 өңірге арналған желілік электронды үдеткіштер, компьютерлік томографтар және навигациялық жүйелер 19,8 млрд. теңгеге сатып алынды. Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту шеңберінде 19 өңірде 22 медициналық ұйымдар жабдықпен жабдықталған.
Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында QH «Денсаулық жолы» жобасы аясында шалғай өңірлердегі тұрғындарды уақтылы онкологиялық скринингтен өткізу және профилактикалық тексеруден өткізу үшін шалғай аймақтарда жылжымалы медициналық кешендер сатып алынды. 17 117-ден астам тексеру (УДЗ, КТ, маммография), оның ішінде сақтандырылмаған науқастарға жүргізілді.
Сондай-ақ серіктестермен бірлесіп, балалардағы ауруларды анықтау және мүгедектіктің алдын алу мақсатында 11 ерте араласу орталығы ашылып, екі орталық ашу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтар Шымкент, Атырау, Талдықорған, Өскемен, Қостанай, Тараз, Қабланбек ауылы (Түркістан облысы), Қарағанды, Петропавл, Павлодар және Орал қалаларында ашылған. 2025 жылдың соңына дейін Алматы және Қызылорда қалаларында орталықтар ашу жоспарлануда.
Донорлық мөлдір қабықты ауыстырып орналастыруды қажет ететін 226 пациентке, оның ішінде 107 балаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Операциялар «С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ Университет клиникасында жүргізіледі.
Сондай-ақ, Қазақстанға жаңа технологияларды трансферттеу мақсатында дәрігерлер мен мамандарды оқыту аясында 23 трансплантациялық үйлестіруші, 25 медициналық генетик және 25 ультрадыбыстық диагностика мамандарын оқытуы қаржыландырылды.
Сондай-ақ, 2024 жылғы 2 қазанда «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Ұлттық қайырымдылық конференциясы өткізілді, онда талқыланатын негізгі тақырыптардың бірі олар қатысатын өңірлердегі бизнестің қайырымдылық қызметі болды. Қор шағын және моноқалалардың әлеуметтік саласын дамыту үшін «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» бастамасын ұсынды, оны конференцияға қатысушылардың барлығы қолдады. Бұл Қордың модульдік форматтағы қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын қала құраушы кәсіпорындар мен жалпы жергілікті бизнестің қолдауымен әрбір нақты шағын қалада бейімдеуге және жүзеге асыруға болатын тәсілді білдіреді. Тұжырымдама бизнестің ресурстарды бөліп қана қоймай, өз қызметкерлері тұратын және жұмыс істейтін қалалардың әлеуметтік саласын дамытуға саналы түрде қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қор бұл бағыттағы жұмысты 2025 жылға жоспарлап отыр.